Еліміздегі ең ауыр, ең жүрек ауыртатын мәселесі балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілері екені жасырын емес. Мұндай қасіретті мәліметті ресми тілмен айтқанда суицид деп атаймыз. Бірақ бұл терминнің артында ата-ананың жасқа шыланған жанары, досының аң-таң қалған көзқарасы, мектеп мұғалімінің өзіне қойған кеш сұрағы, ең ақыры – жауап таппай кеткен баланың тағдыры жатыр.
Қазақстан, өкінішке қарай, жылдар бойы балалар суициді бойынша дүниежүзілік статистикада жоғары тұрғаны жанға батады. Бұл біздің елдегі әлеуметтік-рухани дабыл жүйесінің мүлде ескіргенін, баланың ішкі жан дүниесін тану мәдениетінің жүйелі түрде қалыптаспағанын көрсетеді. Өйткені суицид – кенеттен пайда болатын құбылыс емес. Ол – бірнеше деңгейлі, күрделі әлеуметтік, психологиялық, мәдени себептерден туындайтын ахуал.
Бірінші себеп – отбасыдағы қатынастың әлсіздігі. Қазақстандық отбасылардың көпшілігінде балаға материалдық қамқорлық көрсетіледі. Бірақ рухани қолдау жетіспей жататыны жасырын емес. Баламен ашық сөйлесу, оны тыңдай білу, оның уайымын байқау – бұл да бір үлкен өнер. Ал біз көбінесе баланы «жас қой», «уақытша нәрсе ғой» деп эмоциялық күйзелістерін елемейміз. Мұндай қатынас балаға өзін түсінбейтін әлемнің ішінде қалғандай сезім береді.
Екінші себеп – мектеп ортасының агрессивтілігі. Мектеп – тек білім беру орны ғана емес, баланың екінші үйі. Ондағы психологиялық климат, мұғалімдердің қарым-қатынасы, құрдастар арасындағы әлімжеттік – бәрі бала психикасына тікелей әсер етеді. Бүгінде кейбір мектептерде буллинг, мазақ ету, әлеуметтік бөлектену сияқты құбылыстар жиілеп кетті. Ертеңгі күні өзін шеттетілгендей сезінген бала ішкі әлемін жауып, ең соңғы амалға – өзін жоюға баруы мүмкін.
Үшінші себеп – цифрлық ортаның уыттылығы. Әлеуметтік желі – бүгінгі жеткіншектің негізгі алаңы. Бірақ ол жерде эмоциялық қауіпсіздік жоқ. Жасөспірімдердің психикасы әлі тұрақталмаған. Олар желідегі әдемі өмірге, жалған жетістіктерге қарап, өзін кем санауға бейім. Ал TikTok, Instagram, Telegram арналары арқылы тарайтын суицидтік мазмұндағы ойындар, «ажал челендждері», жасырын топтар – қауіптің жаңа көзіне айналып отыр.
Мұндай виртуалды уды тану үшін ересектер цифрлық сауатты болуы тиіс. Бірақ ата-аналардың көпшілігі баланың смартфонын техникалық құрылғы ретінде ғана таниды, оның ішкі әлемін, ондағы қауіптің сипатын аңғара бермейді.
Төртінші себеп – психологиялық көмектің қолжетімсіздігі. Ауылдық мектептердің көбінде кәсіби психолог жоқ. Бар болса да, оның жүктемесі көп, біліктілігі төмен немесе сенімсіз ортада жұмыс істейді. Балалар «психологқа бару ұят», «ертең жұрт мазақ етеді» деп, ішкі қиналысын жасырады. Ал бұл – нағыз трагедияға апаратын жол. Кәсіби психолог болмаған жағдайда баланың эмоциялық күйзелісі уақтылы танылмайды, демек, көмек те көрсетілмейді.
Сонымен не істеу керек? Суицидпен күресу – заңмен, жарлықпен шешілетін мәселе емес. Бұл – жүйелі, терең, көп деңгейлі әрекетті қажет ететін сала. Ал мемлекет бұл бағытта қандай қадамдарға барып отыр?
Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, мектеп психологтарының біліктілігін арттыруға бағытталған курстар ұйымдастыруда. Кей өңірлерде «жасөспірімдер психологиясы» бойынша халықаралық сарапшыларды тарту арқылы семинарлар өткен. Бұл – жақсы қадам. Бірақ мәселені жаппай қамту үшін тек астанадағы бір семинар аз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтудің маңызы зор.