Журналист, киносыншы әрі Лондондағы Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі Әсия Бақдәулетқызы тележурналист Мая Бекбаеваның «қазақ әйелдері бұрын бәсекеге қабілетсіз еді» деген мәлімдемесіне өткір пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Бекбаеваның сөзі совет кезеңінен қалған идеологиялық шаблонды қайталау ғана.
«Қазақ әйелін білімсіз, төмен етекті шүйкебас ретінде көрсету бүгін басталған жоқ. Совет идеологиясы қазақ әйелін қашан да бағынышты, қараңғы, жергілікті дәстүрдің құрбаны етіп көрсетуді мақсат тұтқан. Барлық отаршылдар сияқты, советтер де өздерін Спивак айтқандай, «қоңыр тәнді әйелді қоңыр тәнді еркектен құтқарған ақ нәсілді адам» ретінде насихаттады. Сол арқылы өз билігін ақтады», – дейді Әсия Бақдәулетқызы.

Оның айтуынша, 1930-1960 жылдардағы кеңестік қазақ киносында («Райхан», «Ботагөз», «Ән қанатында») қазақ әйелін міндетті түрде «көзін ашқан», ақ нәсілді құтқарушыға тәуелді етіп көрсету үрдісі болған.
«Кеңес үкіметінің идеологтары қазақ қызының санасына өздерін құтқарушы ретінде енгізуді көздеді. Бұл нарратив әлі де жалғасып келеді, оған дәлел Мая Бекбаева сияқты азаматшалардың пікірлері», – дейді зерттеуші.
Әсия Бақдәулетқызы кеңестік идеология таратқан бұл түсініктің тарихи шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.
«Төңкеріске дейінгі қазақ қоғамында ұзатылған қыздың жасауына Абайдың өлеңдер жинағы мен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» ең құнды бұйым ретінде қосылатын. Абай мен Міржақыпты жасауына қосып, қымбат қазына тұтқан қазақ қыздары қалайша білімсіз, төмен етекті болсын?» – дейді автор.
Киносыншының айтуынша, мұндай фактілер кеңестік идеологияға қайшы болғандықтан, советтік цензура экрандағы қазақ әйелінің тым білімді, рухы биік болғанын қаламаған.
«Мысалы, «Абай әндері» фильмін талқылағанда кеңестік Кинематография комитеті «ондағы қазақ әйелдері тым білімді көрінеді, қарапайымдылық жетіспейді» деп сынаған. Олар қазақ әйеліне білім мен еркіндікті қимады. Ақын Зейнептің рөлін сомдаған актриса Рахия Қойшыбаеваны да тек Абайдың әндерін орындаушы ретінде шектеуге тырысқан», – деп тарихи деректермен ойын тұжырымдайды Әсия.
Оның пікірінше, Мая Бекбаева секілділер сол совет заманынан қалған стереотипті бұзып-жармай, керісінше, қазақ қыздарына таңылған сол идеологиялық қамытты қайта жаңғыртуға тырысып отыр.
«Қазақ қызын кемсіту оңай. Себебі, қазақ әйелін кім қорғамай жатыр, тоқпақтай беруге болады деген түсінік қалыптасқан. Мұның бәрі айғай мен ұраннан арыға бармайтындардың әрекеті», – дейді Әсия Бақдәулетқызы.
Киносыншы соңында бұл пікірін тек мәселенің бір қыры деп атап өтті. Тарихта қазақ әйелінің білімді, зиялы, еркін болғанына дәлелдер жетерлік. «Міржақыптың жұбайы Ғайнижамал, Сәкеннің жары Гүлбарам сияқты қазақ қыздары қандай еді? Сондықтан, абайламай сөйлеген адам кешірім сұраса, еш айып емес», – деп түйіндеді Әсия Бақдәулетқызы.