Қазақстанда кедендік рәсімдерді жеңілдету мен толық цифрландыру бағытында жаңа қадам жасалды. «АСТАНА-1» (Keden) ақпараттық жүйесінде тауарларға арналған декларацияның жаңартылған форматы енгізілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы №75 шешімін іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр. Негізгі мақсат кедендік процестерді автоматтандыру және қағаз құжат айналымын барынша қысқарту.
Жаңа формат аясында декларанттарға жіберілетін барлық сұраулар, декларацияға өзгерістер енгізу туралы талаптар мен шешімдер, сондай-ақ басқа да рәсімдер толық автоматтандырылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылғы 3 қарашадан бастап «Тауарларға арналған декларация» модулін барлық кедендік рәсімдер бойынша сынақтан өткізу басталады.
Сынақ онлайн және офлайн форматта өтеді. Оған сыртқы экономикалық қызметке қатысатын кез келген тұлға қатыса алады.
Сынаққа қатысу үшін өтінім беру тәртібі мен кесте арнайы тесттік порталға орналастырылған. Сондай-ақ бұл платформада пайдаланушыларға арналған бейнесабақтар, нұсқаулықтар, жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар және кері байланыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба бойынша жаңа модульді толық іске қосу 2026 жылдың қаңтар айының екінші онкүндігіне жоспарланған. Жүйе пайдаланушылардан түскен ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып жетілдіріледі.
Мемлекеттік кірістер комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды сынаққа белсенді қатысуға шақырып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







