Мәжілісте депутат Мархабат Жайымбетов құн салығының бір бөлігін бонус ретінде қайтаруды ұсынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат өз сауалын премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдады.
Жайымбетовтің айтуынша, қазір көлеңкелі экономиканың үлесі 17 пайыз шамасында, бұл — кем дегенде бюджетке 2-2,5 трлн. теңге салық түспейді деген сөз.
«Бір заң жобасын зерделеу кезінде елімізде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыруға және басқа ведомстволарды үйлестіруге жауапты мемлекеттік орган жоқ болып шықты. Әр мемлекеттік орган бір-біріне сілтейді. Кім жауап беретіні белгісіз. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шаралар қабылдайды, бірақ функционалдылықты нақты бөлетін тұтас жүйе жоқ», — дейді депутат.
Оның сөзінше, көлеңкелі экономикаға «көп үлес қосатын» сала — базарлар.
«Әлбетте, базардың аты — базар. Ондағы еркін сауданы қадағалау қиын. Бірақ дұрыс ұйымдастыруға мүмкіншілік бар ғой. Елімізде қолма-қол ақшасыз айналым коэффициенті жыл сайын өсіп келеді. Яғни көлеңкелі экономиканың бір көрінісі — салық төлеуден жалтару. Оның бірнеше себебі бар. Солардың бірі — салықтық әкімшілендірудің әлсіздігі», — деп сынады депутат.
Депутат бұл бағытта мынадай ұсыныстар жасады:
1. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыратын бір мемлекеттік органды анықтау.
2. Жалған келісімшарттарға қарсы тұру үшін тауарды жеткізу тізбегі бойынша қосылған құн салығы (НДС) мен құжаттар қатар жүретін нақты бір жүйе құру қажет. Бұл жүйе толықтай цифрландырылған болуы шарт. Нәтижесінде бюджетке төленуі қажет салықты Үкімет автоматты түрде есептеп беруі керек. Бұл шағын және орта бизнеске үлкен көмек болар еді.
3. Халықты банк карталары арқылы төлемдер жасауға ынталандыруымыз қажет. Оған әртүрлі іс-шаралар барысын ұсынуға болады. Олардың бірі төлеген құн салығының (уплаченный НДС) бір бөлігін бонус (кэшбек) ретінде қайтаруға болады деп санаймын.