Назарбаев мектептерінде жұмыс істейтін шетелдік мұғалімдердің жалақысы жергілікті ұстаздардан 5 есе көп болып шықты.
Аталған жайт Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
2024 жылғы бюджеттің орындалуын қадағалау барысында Смайыловтың «сарбаздары» жергілікті және шетелдік мұғалімдердің жалақысы арасындағы жер мен көктей айырмашылықты анықтаған.
Былтыр қазақ ұстаздардың орташа жалақысы 508,1 мың теңге (шамамен 934 доллар) болса, шетелден келген мұғалімдердің орташа табысы 2 млн 281 мың теңгені (шамамен 4195 доллар) құраған.
Аудит барысында шетелдік мамандардың жалақысынан бөлек, олардың баспана шығыны мен әуе билетіне дейін мектеп есебінен төленетіні белгілі болды.
Шетелдік мұғалімдер білім сапасын жақсартуға нақты қандай үлес қосқаны әзірге белгісіз. Соған қарамастан, соңғы бес жылда НИШ шетелден келген 643 ұстазға 31,2 миллион доллардан астам қаржы жұмсаған.
Тексеру кезінде кадр қабылдауда да көптеген олқылық анықталыпты. Мәселен, 254 мұғалім ешқандай конкурссыз, тікелей қабылданған. Салдарынан жұмысқа қабылданған ұстаздардың 20,4 пайызы тиісті біліктілік талабына сәй келмейтіні белгілі болған.
Ақылы бөлімге оқушы қабылдау ісінде де заңбұзушылық жетіп артылады екен. Мектеп басшылығы оқуға қабылдау конкурсын формалды түрде өткізген. Нәтижесінде, ақылы бөлімде білім алатын оқушылардың үлгерімі грантпен түскендерден айтарлықтай төмен екен болып шыққан.
Сонымен қатар, ата-аналарға қаржылық қолдау көрсету мақсатында мемлекет бюджетінен 162 миллион теңге (шамамен 298 мың доллар) бөлінген. Алайда соған қарамастан, НИШ оқу ақысын төмендетпеген.