Жуырда әлем көз тіккен Хамас пен Израиль келісімге келді. Саяси сарапшылар мұның астарында Трамптың билікке келуі жатыр дейді.
Осы тұста ErtenMedia шығыстанушы, саяси сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірін сұрады.
Cарапшы геосаяси ахуалдағы бұл өзгерістің бір себебін, расында да, Трамппен байланыстырды. Дегенмен себеп тек Трамп емес болып шықты.
«Хамас пен Израиль арасында 15 айға созылған текетірес атысты тоқтату туралы келісіммен аяқталып отыр. Мұндай келісімге қысқа уақытта қол қойылуы Трамптың тікелей әсері деп айтуға болады. Бірақ тек Трамп емес, бұл — Байденнің соңғы қойып кеткен нүктесі. Оның да қауіпсіздік жүйесіндегі дипломаттары, кеңесшілері ретінде Салливан секілді кісілер жұмыс істеді. Одан кейін Трамптың өкілдері жұмыс істеді», — деді саясаттанушы.
Жанат Момынқұловтың пікірінше, екі президент те бұл жетістікті өзінің ұпайына қарай жазғысы келеді.
«Американың, Қатардың және Египеттің арағайындық жасауымен осы келісімге қол қойылды. Қазір бірінші фазасы — кепілге алынғандарды алмасу жүріп жатыр. Одан кейін Израильдің әскері халық тұратын аймақтан шығарылуға тиіс. Израиль тарапынан ешқандай заңбұзушылық, келісімге кереғар қадамдар жасалмаса, сәтті аяқталуы керек. 42 күнге, 6 аптаға созылады», — дейді ол.
Сарапшы алда Израиль мен Хамасты не күтетінін де айтты.
«Кейін бірте-бірте гаранттардың итермелеуімен қос тарап екінші фазаға өтеді. Бірақ сарапшылар да ең ауыры осы екінші фаза екенін айтады. Өйткені Израиль әскерінің толық шығарылуы, одан кейін әрі қарайғы қадамдар бар. Үшінші фазасы — Газаның реконструкциясы. Хамас та «біз жеңдік» деп отыр. Бірақ 40 млрд долларлық инфрақұрылым қиратылды. 47 мың адам өлді. Ешқандай да жеңіс емес. Хамас идея ретінде өмір сүре береді. Бірақ инфрақұрылымы қирап қалды. Әскери қанаты әлсіреді. Саяси жағынан әлсіз болып қалды. Бұрынғыдай ықпалы болмайды деп ойлаймын», — деп топшылады саясаттанушы.
Хамасты Америка, Ұлыбритания террористік ұйым деп санайды.
«Бұл — Газаны азат ету бойынша идеологиялық қозғалыс. Алдағы кезеңде де бұл жалғаса береді», — Жанат Момынқұлов.
Сарапшы Израиль жөнінде де пікірін бөлісті.
«Израильдің қауіпсіздік жөнінде үлкен уайымдары бар. Үнемі өзін қауіпсіз мемлекет ретінде дәлелдегісі келеді. Маңайының бәрі оған дос емес. Сондықтан да Израиль кез келген уақытта проблема шығарып, бұл келіссөзді тоқтатып тастауы да мүмкін. Израильдің оңшыл қанаты коалиция құрған, қазір олардың біразы Үкіметтен кетіп отыр. Сондықтан Израильдің өзі де Таяу Шығыстағы жағдайға қарай өзгеріп жатыр. Сирия мәселесі бар, басқа да өзгерістер бар. Әскери жағынан алған кезде, әрине, Израиль өз мақсаттарының көбіне жетті, күшейіп тұр. Хамас туралы олай деп айта алмаймыз. Соған қарамастан өзінің талаптарын қоя отырып, шарттарын алып келді. Израильді келісімге келтірді, бірақ өзі де қирады.
Американың тікелей ықпалымен осылай болып отыр. Трамп жеңістен бастағысы келеді. Өзін жеңімпаз ретінде көрсеткісі келеді. Жұмысын Украинаның алдында «Таяу Шығысты тыныштандыру арқылы енді Украинаны шешеміз» деген оптимизммен бастамақ», — деп түйіндеді саясаттанушы.