Депутат Бақытжан Базарбектің үстінен «іскерлік беделді былғады» деп арыз түсірген мед.мекемелердің талабы орындалмады. Сот шағымды негізсіз деп тауып, депутатты ақтап шықты деп хабарлайды Ertenmedia.
«Өте-мөте әділ шешім. Сот Бақытжанға соғыс ашқан мед. ұйымдардың арызын қанағаттандырмады. Бұл істің әуелден-ақ ар-намысқа, абырой-беделге қатысы жоқ екені айқын болған. Халықтың ем-домына бөлінген жүздеген млн теңгені жалған қызмет көрсету арқылы заңсыз «игерген» мекемелерде қандай ар-ұят болуы мүмкін?» – дейді Әбенов.
Айтуынша, жарты жыл бұрын Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата медицина саласындағы сорақы фактілерді жайып салған.
«Жағдай былай. Жекеменшік ауруханалар өздері көрсетпеген қызмет үшін МӘМС қорынан жүздеген миллион теңгені заңсыз алғанын мойындаған, жауапкершіліктен қорқып, тіпті айыппұлын да төлеп тастаған. Кейбірінің қызмет көрсететін лицензиясы да болмаған», — дейді Әбенов.
Базарбек осы фактіні жіпке тізіп, Үкімет сағатында МӘМС жүйесіндегі былықты көзге шұқып көрсеткен. Бұдан шошып кеткен кейбіреулер депутаттың мәселені әрі қарай қаза түскенін қаламаған.
«Базарбек қоқан-лоқыдан қорықпайтын адам. Үш жыл бұрын Жоғарғы сот басшылығын ашық сынап, құқығы тапталған азаматтарға ара түскенде де осындай ситуацияға тап болған еді», – дейді Әбенов.
Депутат Базарбектің өзі сот процесі туралы былай дейді:
«Қаңтардағы Үкімет сағатында МӘМC-тегі бардак туралы Бас аудитор Смайыловтың қорытындысы негізінде нақты дерек келтірдім. Сол-ақ екен медициналық мекемелер тарапынан арыз-шағым қарша борап кетті. «Салауатты Астана» ЖШС іскерлік беделін қорғау бойынша сотқа арыз берсе, «Шипагер» ЖШС сотқа дейінгі шағым түсірді.
Күні кеше сараптама нәтижесі шығып, мамандар менің пікірімде біреудің беделіне нұқсан келтіретін тұжырым жоқ екенін растады. Артынша Астананың ауданаралық соты «Салауатты Астананың» арызын қанағаттандырудан бас тартты.
Соның арқасында мед. мекемелердің МӘМС аясында алған миллиондарын, олардың құжатын терең зерттеуге мүмкіндік туды. Жүйедегі жемқорлықты көріп, жағамды ұстадым», – дейді депутат.
Айтуынша, аталған кейс ақыр соңы оң нәтиже беріп, заңнамалық өзгеріске түрткі болған.
«Бірнеше депутат МӘМС жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын ұсынып, ДенCауМин-ге лицензиясыз жұмыс істейтін мед. ұйымдардың қызметін қадағалау құзыретін қайтаруды ұсындық. Мәжілістегі әріптестер екі сөзге келмей екі оқылымда қолдады. Бұдан былай министрлік лицензиясы жоқ мекемелерді анықтап, олардың қызметін тежей алады. Бұған қоса, МӘМС қорының жұмысын бақылайтын болады», – дейді мәжілісмен.
Дей тұрғанмен, МӘМС әлі толық тазарған жоқ. Базарбектің пікірінше жемқорлық осынау жүйенің өне-бойына тарап кеткен.
«Ендігі кезекте, Денсаулық министрлігі бекіткен бұйрықтарды мұқият зерделейміз. Бұларды өзгерту қажет. Жемқорлықтың түп-тамыры сол арадан бастау алады», — дейді депутат.
Базарбек өзін сотқа сүйреген мед.мекемелерге, соттасып уақыт кетіргенше, халықтың ем-домына көбірек көңіл бөлуді ұсынып отыр.