Қазақстанда медициналық көмекті қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіледі деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент қол қойған заңға сәйкес, 2027 жылға қарай кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі (КТМКК) айтарлықтай азайып, керісінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) үлесі артады.
Қазір халыққа тегін берілетін медициналық көмектің үлесі – 57%. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткіш 32%-ға дейін төмендейді. Керісінше, міндетті медициналық сақтандыру арқылы көрсетілетін қызметтер 68%-ға дейін көбеймек.
Жаңа заңға сәйкес, МӘМС жүйесіне төленетін жарнаның жоғарғы шегі де айтарлықтай көтеріледі. Бұдан былай жарна есептелетін кірістің шекті мөлшері ең төменгі жалақының 50 еселенген көлеміне дейін өседі. Ал жұмыссыздар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджет төлейді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты медицина қызметтерін қаржыландырудың ашықтығын арттыру, бақылауды күшейту және барлық төлемдерді ортақ жүйеге біріктіру.
Осы уақытқа дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеке төлем жүйесі болмағандықтан, қаржы аударымдары түрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіліп, қызметтер бойынша келісімшарттар бөлек-бөлек жасалып келген. Бұл өз кезегінде төлемдердің уақытында жасалмауына әкеп соқты.
Енді бұл проблема шешімін тапты. Қор «Saqtandyry» атты ақпараттық төлем жүйесін енгізді. Жаңа жүйеде төлемдер тек нақты көрсетілген қызметтер үшін ғана жасалады. Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай қадам медицина саласындағы қаражаттың мақсатты әрі әділ жұмсалуына кепіл болады.