Қазақ даласының байлығы ғасырлар бойы ел мен жердің дауына айналып келген. Кезінде жоңғар шапса – жер үшін шапты, Кеңес өкіметі келсе – ресурсы үшін келді, ал тәуелсіздік алған соң – сол байлықты кім иемденіп кетеді деген сұрақ қоғамның маңдайына мәңгіге таңба боп басылды. Сол таңбалы сұрақтың бір ұшы бүгін Англия топырағында үнсіз жабылды. Александр Машкевич – Қазақстандағы ең ықпалды трансұлттық капитал иелерінің бірі – мәңгілік мекенін британ жерінен тапты. Ұлттық кодқа емес, жаһандық капиталдың географиясына сай жерленді.
Машкевич Хартфордшир графтығындағы Буши еврей зиратынан мәңгілік мекенін тапты. Google картасынан зираттың рейтинг – бес жұлдыз екенін көруге болады. Бұл сандардың артында бір үлкен оқиғаның ізін ғана емес, біздің елдің посткеңестік дәуірдегі капитализмінің символдық эпитафиясын оқуға болады. Себебі бұл зират – жай мазар емес, бір дәуірдің аяқталғанын үнсіз жариялаған геосаяси нүкте.
Машкевич – жай ғана кәсіпкер емес еді. Ол – Қазақстанның шикізат экономикасындағы ірі ойыншылардың бірі, Eurasian Resources Group-тің тең иесі. Ал бұл дегеніміз – геоэкономикалық ықпалдың жоғарғы қабаты. Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жекешелендіру трансформациясының айқын жемісі, тіпті оны кейбір сарапшылар «жаңа элитаның» архетипі ретінде сипаттайды. Оның капиталы – кен орындарынан, ал ықпалы – Кремль мен Лондонның арасында өлшенетін еді. Бірақ соңғы аялдамасы – өзге өркениеттің шетінде, Британ аралдарында аяқталды.
Оны жаныдары Лондондағы «Дорчестер» бес жұлдызды қонақүйінен ақтық сапарға шығарып салған. Шығарып салу рәсімінің бәрі протоколмен, ритуалмен, мәртебемен өткені анық.
Машкевич өмірден өтті. Бірақ оның артында тұтас бір идеологиялық кезең қалды. Ол кезеңнен қалған сұрақ – «қазақтың байлығы кімге бұйырды?» деген сауал әлі күнге дейін қоғамның жүйкесін шымши бастады.
Бүгінде ол тыныш жатыр. Ал ел ішінде әлі тыныштық жоқ. Өйткені экономикалық тәуелсіздік пен саяси егемендіктің арасы біз ойлағаннан әлдеқайда алшақ екен. Біреу Англиядағы шетелдік зиратқа жетіп, соңғы сапарын сонда аяқтайды. Ал біреу ауылдағы бейітке жерленуге көлік таппай, туыстың тракторын жалдайды. Айырмашылық – статуста емес, жүйеде. Себебі бұл – тек бір адамның өмірі емес, бір мемлекеттің тарихи-экономикалық портреті.