Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов Қазақстанның болашағына алаңдайтынын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оның сөзінше, болашаққа деген темірқазық жоқ, ал бұл — алаңдатарлық мәселе.
«Мемлекетте бек ұстаным жоқтығы алаңдатады. Болашаққа деген темірқазық жоқ. «Міне, мынадай идеологиямен, мынадай мемлекет құруға бара жатырмыз» деген бар болса, «бар ғой, міне» деп сіз айтыңыз. Оны Үкімет жасауы керек. Біз қандай мемлекет боламыз?! Президенттен бастап, Президенттің айналасындағы бүкіл кеңесші, депутатың бар, министрлерің бар осының жауабын алу керек», — деді депутат «Қазақ айранға» сұхбатында.
Мәжіліс депутаты президент Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» деген идеясына қатты сенгенін айтты.
«Әу басында Президент Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» дегеніне біз қатты сеніп, неге ердік?! Әлі де біз одан танып отырған жоқпыз. Бірақ қазір көп адам «жаңаларың қайда, Жаңа Қазақстандарың қане?» дейді. Жаңа Қазақстан, ескі Қазақстан деген терминологияны қолданбаймын. Себебі мен үшін Қазақстан — біреу. Бірақ жаңару деген идеяның өзі өте жақсы еді. Осыны біз әрі қарай іліп әкетіп, осы бағытта тек жаңаруға ұмтыламыз десек, онда қазіргі жүрісіміз әлдеқайда жедел болатын еді.
Бірақ қазір Жаңа Қазақстан деген көп қолданылуды қойды. Өйткені оған қоғам арасында сенбеушілік туа бастады. Бір түсінік жоқ. Мемлекеттік құрамыз. Қандай? Мысалы Еуропалық үлгіге сай зайырлы Жаңа Қазақстан қоғамын құрамыз дейді. Онда бізде неге түр-түрлі діни ағымдар болады?! Онда бізде неге жаппай еркіндік жоқ?! Онда неге біз ЛГБТ-ны қыспаққа аламыз?! Онда неге көшеде тыр жалаңаш жүре бермейді?! Онда неге адамдар Еуропадағыдай не істегісі келсе соны істеп жүре бермейді?! Зайырлы мемлекет боламыз десек, ішімдегі сұрақтар осы. Егер діни мемлекетпіз десек, басқа діндер не істеп жүр?! Біз баяғы Алтын Орданың мұрагерлеріміз, Қазақ мемлекетін құрамыз десек, неге қазақ патриоттары сотталады?! Неге біздің арамызда қазақтың мемлекеттігіне тіл тигізетін адам көп?! Неге шетелден тіл тигізген кезде бізде ешқандай реакция болмайды?! Біз түркі мемлекеттерін, Тұранды құрамыз десек, онда неге этносаралық, мәдени байланыс жоқ?! Неге біздің әліпбиімізде ортақ дүниеміз әлі күнге қалыптаспаған?! Сондай бір ұстанымды тек Қазақстаннан емес, көп мемлекеттен көрмеймін» — деді ол «Қазақ айранға» сұхбатында.
Ринат Зайытовтың сөзінше, қазір жастардың жартысы Қазақстанды жек көреді, елде тұрғысы келмейді. Ал Үкімет елді дамыту ісіне келгенде сылбыр.
«Біз беріп жатқан ұсыныстар (Мәжіліс — еск.) енетін болса, Қазақстанның ілгерілеуі әлдеқайда тез болатын еді. Сені естімейтін сияқты, қабылдамайды. «Жарайды» дейді де, жоқ болып кетеді. Құмға сіңген судай. Мысалы, оқу-ағарту министрін алайық. Фракцияда тұрып талқыладық. Бір мемлекетте қалай екі әдебиет болуы мүмкін?! Қазақ әдебиеті қалады, жақсы бұл сұрақ шешілді дедік. 7-11 сыныптарға жаңа қазақ әдебиетін енгізу керек. …Қазіргі өсіп келе жатқан буын — «Аяз ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұрмен» өскен буын. Ол буыннан қандай зиялы қауым шығады?! Қандай салиқалы адам шығады?! Осыны айттық. «Жарайды» деді. Министрмен қол алыстық. Әумин, жоқ. Шешім қабылдайтын — Үкімет. Парламенттің ықпалы бұдан да күшті болуы керек», — деді айтыскер ақын.
Депутат Қазақстанның саяси ахуалы, соның ішінде Ресей турасында да сөз қозғады.
«Путинге сене қоймаймын, ол кісі — көп өтірік айтатын адам. «Біз Қазақстанмен келістік, болды (АЭС-ті) біз саламыз» деп отыр. Ондай баяндамалар кейде маған әдейі жасалатын сияқты. Себебі қандай келісім болды, кім келісті, кім рұқсат етті? Ондай ештеңе жоқ. Бірақ көршілес мемлекеттің жауапты адамдары осындай әңгімелерді көп айтады. «Қазақстан орыс тілді мемлекет екені бесенеден белгілі» деген сияқты баяндамалар жасайды. Ал ол біздің қоғамның арасында наразылық тудырады», — деді Зайытов сұхбатында.