Молдованың Гагауз автономиясының басшысы Евгения Гуцул Мәскеуден ақша алып, ел ішіндегі тұрақтылықты шайқалтпақ болды деген айыппен жеті жылға сотталды деп жазады Ertenmedia.
Тергеудің пайымынша, ол Кремльдің қаржысын елдің еуроинтеграциясын тежеуге бағытталған іс-шараларға жұмсаған. Гуцулға Ресейдің грантын 2019–2022 жылдары Молдовада тыйым салынған «Шор» партиясына жеткізіп отырған деген айып тағылды.
Партия жетекшісі, кәсіпкер Илан Шор алаяқтық жасағаны үшін сырттай сотталып, қазір шетелде бой тасалап жүр.
Гуцул өзіне тағылған айыпты мойындамады және сот үкімін «саяси астары бар кек алу әрекеті» деп атады.
«Бұл әділет емес, саясат. Менің үстімнен шығарылған үкімнің заңдылыққа еш қатысы жоқ, саяси қудалау ғана», – деді ол сотта.
Сот үкімі оқылған бойда Гуцул полиция бақылауымен залдан шығарылып, жалпы режимдегі колонияға жеткізілді. Адвокаты Серджиу Морару сот шешіміне шағым түсіретінін айтты және үкімді «көпшілік көзінше орындалған жаза» деп бағалады.
Тергеудің мәліметінше, Гуцул «Шор» партиясымен байланысты қылмыстық топтан 2,5 млн доллар алған. Ақша өңірлерде ресейшіл агитацияны жүргізуге бағытталған.
Молдова билігі мұны ел ішіндегі ахуалды ушықтырып, саяси тепе-теңдікті бұзу мақсатында Мәскеу тарапынан жасалған арандату деп санайды.
Гуцул Гагауз автономиясының басшысы болып 2023 жылы сайланды. Молдова билігі сайлау науқанын Мәскеу астыртын қаржыландырды деп санайды. Бұған дейін оны Кишинев әуежайында сайлаудағы заңсыздықтарға қатысты күдікпен ұстаған болатын.
Президент Майя Сандудың тұсында Молдова Еуроодақпен интеграцияны күшейтуге тырысып келеді. Осындай жағдайда елдегі ресейшіл топтар әлгі Гуцулдың төңірегіне топтасып, Батыс өркениетіне ұмтылған биліктің аяғына оратылуда.
Санду мен оның партиясы Мәскеуді «Шор» сияқты жобалар арқылы ел ішіне іріткі салуда деп бірнеше рет айыптаған.
Кремль де әлгі жағдайға қатысты көп ұзамай реакция білдіріпті. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков істің саяси астары барын айтып, Молдова билігін оппозицияны басып-жаныштады деп айыптап отыр.
Үкім шыққан сәтте сот ғимаратының алдына ресейшіл көзқарастағы жүзден астам адам жиналып, Гуцулға қолдау білдірген екен. Жиналғандар биліктің әрекетіне наразылық танытып, «ұят, ұят» деп ұрандатқан.
Гагаузияда негізінен түркітілдес гагауз халқы тұрады. Аймақта Мәскеуге бейілді көзқарас бұрыннан бар. Днестр жағалауындағы мойындалмаған мемлекет Приднестровьеден айырмашылығы Гагаузияның өз әскері жоқ және ресми түрде Кишиневтің бақылауында. Бірақ автономия өз бетінше саяси шешім қабылдап, жеке ұстанымын білдіріп отырады.
Гуцул басшылыққа келгелі Кремльдің есігін жиі қағатын болған, соның ішінде ықпалды ресейлік шенеуніктермен және ФСБ өкілдерімен жүздескен.
Батыстың ақпарат құралдарының хабарлауынша президент Путинмен де жабық есік жағдайында кездесу өткізген.
Айта кетсек, 2024 жылы қарашада өткен сайлауда Майя Санду Молдова президенті болып қайта сайланды. Ел ішіндегі дауыс саны бойынша қарсыласы Александр Стояноглодан қалып қалғанымен, сырттағы еңбек мигранттарының арқасында (55,33 пайыз) жеңіске жеткен. Конституциялық сот сайлау нәтижесін заңды деп таныса да, елдегі ресейшіл күштер Сандуды «заңсыз сайланған президент» деп есептейді.