Cот Мұратхан Тоқмәдидің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен М.Тоқмәдидің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініші қанағаттандырылды», — делінген сот хабарламасында.
Ол банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған.
Ержан Тәтішев 2004 жылы басына тиген оқтан көз жұмды. Тергеу банкир аңшылық кезіндегі «оқыс жағдайдың» салдарынан өлді деген қорытындыға келген.
Кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге «Абайсызда өлімге әкеп соқтыру» бабы бойынша айып тағылды. Сот оны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
2017 жылы іс қайта қаралды, Тоқмәди банкирді өлтіргенін мойындады. Іс материалына сәйкес, ол марқұмды Мұхтар Әбілязовтың қысымымен өлтірген.
2018 жылдың наурыз айында Тоқмәди 10,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚТЖ-ның бұрынғы бастығы Атамқұлов бірнеше жыл бұрынғы оқиғаны еске алды. 2004 жылы белгілі банкир Ержан Тәтішев аңда жүрген жерінен мерт болды. 2018 жылы Мұратхан Тоқмәди Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен Тәтішевті өлтіргенін мойындаған болаын.
«Теміржол саласында Ержан Тәтішевтің компаниясынан 450 млн. доллар қарыз алғанбыз. Сондықтан ол жігітті өте жақсы танимын. Өмірде көп араласып жүрген жоқпыз, бірақ жұмыс бабымен өте ақылды, өте қарапайым, болашағы өте зор жігіт еді. Мұрат Тоқмәдимен 1996 жылдары танысқанбыз. Аңшылыққа жақын болған соң бұл да аңшылыққа жақын болды. Ол алып бара жатқан бизнесмен де емес еді. Бұл (қаралы оқиға — еск.) сенбі күні болған нәрсе. Жұма күні Мұратхан маған қырық рет хабарласқан шығар. «Бүгін түнде қатты қар жауады. Тәтішевпен бірге сенің ауылыңа, қасқыр атуға бара жатырмыз. Ержан Мәскеуден келе жатып, «Ерекең де барса жақсы болатын еді» деді» дейді. Мен Ержанмен оның алдында 3-4 күн бұрын телефонмен сөйлескенмін. Аңға шығамыз деген әңгіме болған жоқ. Аңшылыққа шыққанда көп адам жүргенін өте жек көремін. Осындай жағдайлар болуы мүмкін. Мұратханға «басқа жерге бара жатырмын, Ержанға сәлем айт, ол жерге бара алмаймын, өздерің барып, аңшылық жасай беріңдер» дедім. Одан кейін 15-20 рет хабарласты. Сонда олар сағат 10-да Алматыдан шығып кетті. «Менің дайындығым жоқ, мен таңертең шығамын» деп одан құтылдым. Бірақ біз Алматыдан сағат 2-де екі көлікпен шығып кеттік. Қордайға жақындағанда олардың екі көлігі шыққан ізін көрдім. Жанында қасқырлардың ізі бар, осы жерден бұрылып, қасқыр қуып кетті деп ойладым. Мен Шуға барып, өзім аңшылыққа тауға шығып кеттім. Тауда телефон ұстамайды. Келгенде хабарласқан отыз хабарлама келіп тұр. Оның ішіне бір ағамыз хабарласқан. Мен қайта хабарласып, «аға, не болып қалды?» дедім. «Сен, қайда жүрсің?» деді. «Аңшылықта жүрмін» дедім. Сонда мына оқиғаны сол кісі айтты. Атын айта алмаймын. Олардың (Тәтішевке қастандық ұйымдастырғандардың — еск.) жоспары бойынша (оқиға болған жерде — еск.) жанында ұлттық компанияның басшысы болды деп мені сол жерге куәгер етіп, не оқиға болған көлікке, не жанындағы көлікке мені отырғызып қою керек еді. Сот болғанда мұны да айтқанмын. Ал артында кім тұрғаны, жүз пайыз жоспарланғаны белгілі. Мұхтар Әбілязов. Ол кісімен өмірімде үш рет кездескен шығармын. Онымен бизнес, байланыс жасаған жоқпын.
Мұрат бір-екі жылдай Ержанға жақын болып кетті, аңға шығып, дос болып кетті, сеніміне кірді. Ол өзі ондайға бармайтын еді. Бұл оқиға болған соң байып кетті. Зауыты болды. Оның артында біздің ағаларымыз да тұрды. Кім тұрғанын да білемін. Бірінші сотта сотталмай кеткенін Әбілязов істей алмайтын еді. Осы жерде ағаларымыз оны қорғап, бірінші соттан жіберген. Сондықтан Мұратхан абайламай атып қалды дегенге сенбеймін», — деді кәсіпкер.