Перизат Кайрат ісінен кейін Қазақстанда қорларға қойылатын талап күшейеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, елдегі үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметі заңдық тұрғыда толықтай қайта қаралмақ.
Бұған басты себеп Перизат Кайратқа қатысты атышулы оқиға.

Министрлік өкілі қазір қор қызметін реттейтін заңға жаңа өзгерістер әзірленіп жатқанын жеткізді. Оның ішінде ҮЕҰ-лардың нақты міндеттері, қызмет бағыты, ашықтық пен есептілік мәселелері толық қамтылады.
«Қазір жаңа заң жобасын дайындап жатырмыз. Бұл заңда ҮЕҰ-ның нақты анықтамасы, олардың немен айналысатыны, лицензиялау тәртібі, сондай-ақ, ұйым басшыларының жауапкершілігі мен қаражатты ашық әрі есепті жұмсау мәселесі толық қамтылады», – деді Ысқақов.
Оның сөзінше, өзгерістердің тағы бір мақсаты халықтың қайырымдылыққа деген сенімін арттыру.
Жаңа заң жобасында қайырымдылықты қолдаған азаматтарды ынталандыру, ҮЕҰ-лардың қаржылық есептерін тұрақты түрде БАҚ-та жариялау міндеттелмек.
Ал осы уақытта Перизат Кайрат ісі бойынша сот жалғасуда. Бүгінгі отырыста жәбірленуші тараптың өкілдері сөз алды. Түстен кейін сот жабық форматта өтіп, айыпталушылардың жауаптары тыңдалмақ.
Еске салайық, президент Тоқаев халықты алдап, қайырымдылықты қалта қамына пайдаланған алаяқтарға қарсы шараларды күшейтуді тапсырған болатын.