Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде (ТМҰ) Түркі әлемі елдері арасында сауда-саттықты арттырып, өңірлік интеграцияны тереңдетудің маңызды стратегиялық бағыттарын ұсынды.
Президент өз сөзінде ТМҰ елдері арасындағы сауданы кеңейту мақсатында арнайы стратегиялық құжат әзірлеуді ұсынды. Оның айтуынша, ұйымға мүше мемлекеттердің қазіргі сауда айналымы 11,4 млрд долларды құрайды, бірақ бұл көрсеткіштің әлдеқайда өсу мүмкіндігі бар. Бұл ретте өңіраралық сауданың көлемімен қатар, оның түрлерін де әртараптандыру маңызды.
Тоқаев, сондай-ақ энергетика мен көлік-логистика инфрақұрылымы салаларындағы трансұлттық жобаларға бірлескен күш жұмсау қажеттігін ерекше атап өтті. Әсіресе, Транскаспий бағытындағы энергетикалық инфрақұрылымды, оның ішінде Транскаспий мұнай құбырының жобасын бірлесіп жүзеге асыруға назар аударды. Осы орайда, Қазақстан Президенті Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевке қазақстандық мұнайдың Еуропа нарығына жеткізілуіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін талшықты-оптикалық желі құрылысының сәтті жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл жоба Түркі елдері арасындағы цифрлық байланыстың жаңа дәуірін бастамақ.
Саммитте Қазақстан басшысы азық-түлік қауіпсіздігі мен климат мәселесіне де ерекше тоқталды. Ол ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастықты кеңейтіп, Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы арасында тығыз байланыс орнатуды ұсынды. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына үлкен қауіп төндіретінін айтып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
Инфрақұрылым және көлік дәліздерін дамыту тақырыбында Тоқаев ТМҰ елдерінің Шығыс пен Батысты байланыстыратын «Орта дәлізді» дамытудағы ортақ жауапкершілігін атап өтті. Президент Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Қазақстанның Өзбекстан және Қырғызстанмен шекарада цифрлық бақылау жүйелерін енгізіп, Қытаймен теміржол өткізу бекетін ашуы осы бағыттағы нақты қадамдар екендігін жеткізді.
Институционалдық байланыстар мен мәдени бірлік мәселесінде Президент ТМҰ аясындағы келісімдерді құрметтеудің маңыздылығын айтып, Қазақстанның ұйым жанындағы тұрақты өкілдігін ашқанын хабарлады. Бұған қоса, Ақтау қаласының Түркі мәдениетінің астанасы болып жарияланғанын, ТМҰ Парламенттік ассамблеясының келесі жиыны Астанада өтетінін, ал Алматы қаласының Түркі әлемінің жастар астанасы атанғанын атап өтті.
«Бүгінгі күрделі әрі тез өзгеретін әлемде Түркі елдерінің бірлігі – саяси идея ғана емес, бұл – стратегиялық қажеттілік», – деді Президент Тоқаев.
Осылайша, Қазақстан көшбасшысы Түркі әлемінің ортақ сауда, инновация, мәдениет пен орнықты даму бағытындағы жаңа интеграциялық деңгейге көтерілуіне серпін берді. Бұл ұстаным Қазақстанның өңірлік лидерлік әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді.
Владимир Норов, Өзбекстанның экс-Cыртқы істер министрі