Қазақстанда шексіз газ қоры бары рас па? Онда Қазақстанға АЭС не үшін керек? Сарапшылар маңызды сауалға жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мұнай-газ саласында біраз жыл қызмет атқарған Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Қазақстанда үлкен газ қоры бар екені рас.
«Күні бүгінгі есеп бойынша Қазақстанда 3 триллион 800 миллиард текше метрден артық газ бар. Бірақ газымыздың барлығы — ілеспе газ, мұнаймен бірге шығатын газ. Газымыздың 2 триллионнан астамы Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз кен орындарына тиесілі. Сондықтан газымыз мол екені, есептеп қарағанда ұзақ жылға жететіндей газ бар екені рас. Бірақ мынадай мәселе бар. Газ көп болғанымен де ілеспе газ болғаннан кейін тек мұнаймен бірге шығады. Ал кен орындарында жергілікті кен орнын игеру жобасы болады. Сол жобада қанша ұңғы қазылуы керек, әрбір ұңғылардың арасындағы қашықтық қандай болуы керек және әрбір ұңғыдан тәулігіне қанша мұнай алынуы керек — оның барлығы есептелген. Мамандар оны жақсы түсінеді. Қай кен орнында да қанша мұнай алынатыны есептелген. Сол мұнайдың көлеміне байланысты газ шығады. Оның үстіне тағы бір мәселе бар. Мұнаймен шыққан газдың бір бөлігін қысымды қолдау үшін қайтадан жердің қабатына айдаймыз. 2024 жылы Қазақстанда 60 миллиард текше метр төңірегінде газ аламыз деп есептеп отырмыз. Сол 60 миллиардтың өзімізге пайдаланатын көлемі — 22 миллиард. Өйткені 25 миллиарды жер қабатына қайта жіберіледі», — деді депутат «Жетінші студияға».
Сарапшының пікірінше, есеп бойынша келесі жылдан бастап газ жетпейді.
«2026 жылдан бастап тапшылыққа кіреміз. АЭС саламыз деген шешімге келсек, 2034 жылдары газға ішкі сұранысымыз 49-50 миллиард текше метр төңірегінде болады. 24 миллиард төңірегінде өзіміз бере аламыз, қалған 25 миллиардын сатып алуымыз керек. Тағы бір мәселе бар. Жасыратыны жоқ, өзімізге жетпей отырған газымыздың бір бөлігін сатып отырмыз. Биылғы жылы 4 миллиард 700 миллион текше метрдей газ шетелге сатылғалы отыр. Өйткені газымыздың ішкі нарықтағы бағасы күнделікті жұмыспен тиімді емес. Сондықтан бір бөлік газды шетелге қымбатырақ бағаға сатып, соны жауып отырмыз. Болашақта да газдың бағасы қымбаттамайтын болса, бір бөлік газды сатып отыруға мәжбүрміз», — деді депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов сұхбатында.