Су тапшылығы қазақ фермерлері үшін қалыпты құбылысқа айналып барады. Биыл Түркістан өңіріндегі шаруалар егістікке су жетпей, үлкен қиындыққа тап болды деп жазады Ertenmedia.
Energyprom сарапшыларының дерегінше, елдегі суармалы жерлердің жалпы аумағы 1,9 млн гектарды құрайды. Алайда оның тек 26,3 пайызында ғана заманауи суару технологиялары қолданылады екен.
Қазақстан бұл технологияны енгізу қарқыны жағынан жоспардан бес есе артта қалған. Жылына кем дегенде 150 мың гектарға жаңа технология енгізілуі тиіс болса, іс жүзінде бұл көрсеткіш бар-жоғы 30 мың гектардан аспайды.
Ауыл шаруашылығына қажетті су мөлшері де жыл сайын кеміп барады. 2020 жылы шаруалар өзен-көлдерден 12,1 млрд текше метр су пайдаланса, биыл бұл көрсеткіш 11,4 млрд-қа дейін түскен.
Cу тапшылығы әсіресе Түркістан мен Қызылорда облыстарында қатты сезіліп отыр. Мамандар алдағы уақытта су ресурстарының көлемі одан әрі азаятынын айтады.
Energyprom сарапшыларының пікірінше, климаттың өзгеруі бұл мәселені одан әрі ушықтырып отыр.
Суару жүйелерінің әбден тозуы, судың орынсыз ысырап ету, заманауи әрі үнемді технологияларды енгізудің баяу жүруі жағдайды тіпті қиындата түскен.
Оңтүстік өңірлерде барлық суармалы жердің тек 3 пайызы ғана үнемді технологиялармен жабдықталған. Қазіргі таңда егістікке бағытталған судың жартысына жуығы ысырап болып жатыр.
Үкімет бұл шығынды 2030 жылға дейін кем дегенде екі есеге қысқартуды жоспарлап отыр.
Еуразиялық даму банкінің есептеуінше, 2026–2030 жылдар аралығында Орталық Азияның 5 мемлекетіне суару жүйелерін жаңартуға 2,1 млрд доллар инвестиция қажет болса, оның 515 млн доллары Қазақстанның үлесіне тиеді.
Әлгі қаражаттың 370 млн доллары су бүрку (жаңбырлатып суару) технологиясын сатып алуға жұмсалады. Ал 2031–2040 жылдары су мәселесін толық шешу үшін Қазақстанның ауыл шаруашылығына шамамен 2 млрд доллар инвестиция тарту қажет болады.