Қытай мен Америка арасында әлі ресми түрде соғыс жарияланбағанымен, тарифтер мен санкциялар арқылы жүріп жатыр. Бұл жолы алаңға бірінші болып шыққан – Дональд Трамп. Ақ үйден жеткен тараған хабарға бойынша, 2 сәуірден бастап Қытайдан келетін тауарларға тағы қосымша кедендік баж салығы енгізіледі. Бұл – жаһандық экономиканың тынысын тарылтатын әрекет, – деп есептейді Ertenmedia.kz сарапшылары.
Бейжің де қарап жатқан жоқ. Мемлекеттік кеңестің премьері Ли Цян жұртқа жай сөз емес, дипломатиялық стратегиялық мәлімдеме жасады «Кез келген күтпеген соққыға дайынбыз. Әсіресе сырттан келетіндерге».
Бұл – ашық соққыға жауап қана емес, Қытайдың геоэкономикалық иммунитеті әбден қалыптасқанын әйгілейтін үндеу. Өйткені олар біледі: Вашингтонның «сауда арқылы қысым жасау» доктринасы саяси ықпал құралдарының ішіндегі ең өткірі.
Қытай тарабы «ғаламдасыу мен көпжақты қатынастар жолын таңдаймыз» десе де, ішкі риторикасы айқын. Егер тарифтік соғыс өршіп кетсе, Бейжің асимметриялық жауап қайтаруға да дайын. Мұнысы жай ескерту емес, жүйелі реакцияның бастапқы сигналы.
Қазірдің өзінде америкалық тауық еті, соя, шошқа мен сиыр етіне 15%-ға дейін баж салығы енгізілмек. Қатарынан 15 америкалық компанияны экспорттық шектеу тізіміне қосып та қойды. Бұл – экономикалық контршабуыл.
Ал Вашингтон болса, фентанил дауына орай Қытайдан келетін химиялық ингредиенттерге бақылауды күшейтуді талап етуде. Сенатор Стив Дейнс Трампқа ең жақын саясаткерлердің бірі – Қытайдың вице-премьерімен кездесіп, дәл осы мәселені талқылаған.
Ақ үй бұл қадамды ұлттық қауіпсіздік мүддесі деп сипаттап отыр. Демек, экономикалық санкциялар енді тек сауда балансына емес, ұлт мүддесі мен идеологиялық бағытқа тікелей ойысуы мүмкін.
Трамп әкімшілігі соңғы жылдары Қытайға қарсы қысым саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. 10%-дан басталған баж салығы 20%-ға дейін өсіп, қазір жаңа толқыны дайындалуда. Бұл – экономикалық гегемония үшін күрес. Трамптың ішкі электоратқа ұсынған негізгі образы – «америкалық өнімді қорғайтын президент». Ал Қытай – бұл образда үнемі сыртқы қарсылас ретінде ұсынылады.
Бірақ Бейжің бұл бейнеге көнгісі жоқ. Ол өзін әлемдік экономиканың теңқұқықты ойыншысы ретінде көрсеткісі келеді. Сондықтан да Ли Цянның даусы жұмсақ болғанымен, астары қатты. Ол – жүйенің ішкі орнықтылығын сақтай отырып, сыртқы қысымға төтеп беруді көздейтін мультивекторлық экономикалық стратегияның айғағы.
Бұл қырғи-қабақ сауда текетіресінде жеңімпаз болмайды. Тек уақытша басымдық болады. Ал әлем – сол басымдық кімде екенін күн сайын бақылап отыр. Әзірге Қытай күтуде, АҚШ әрекет етуде. Бірақ бұл шахматта әр жүріс – экономикалық тәуелділік пен саяси салмақтың өлшемі.