Астанада өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясында Ресей президенті Владимир Путиннің не дегенін Кремль ресми арнасында таратты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Ulysmedia.kz.
Владимир Путин ҰҚШҰ-дағы әріптестеріне өздері «арнайы әскери операция» деп атайтын соғыс аймағындағы жағдайды баян еткен. Рессейлік қару-жарағы жайлы егжей-тегжейлі хабарлаған.
– Біздің жауынгерлер не үшін күресіп жатқанын, не үшін қан төгіп жатқанын жақсы біледі. Біздің тарихымызда бірнеше рет болғандай, біздің ұрпақтың мойнына Ресейді тағы бір рет жойғысы келетін күштердің жолына тосқауыл болу міндеті жүктелгенін олар біледі <…>. Біздің жігіттер отан үшін, Ресей мен балаларының болашағы үшін күресіп жатыр. Сондықтан Украина аумағына тіпті ең заманға сай қару жеткізілсе де, онысы майдан даласындағы жағдайды өзгертпейді, — деген Путин.
Ресей президенті Ресей әскерінде әртүрлі ұлт өкілдері барын айтқан.
– Біреу крестпен дұға етеді, біреу Алладан көмек сұрайды, бірақ бәрі бірге алға жылжиды әрі оларды ештеңе тоқтата алмайды, — деген ол.
ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары Мәскеуге 2025 жылы 9 мамырда Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға шақырылған. ҰҚШҰ елдерінің әскері де Ресей әскери күштерімен бірге Қызыл алаңдағы шеруге қатысуы мүмкін.