Шымкентте Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай балалар арасында ауқымды өнер байқауы ұйымдастырылды. Жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік сіңіріп, рухани құндылықтарды дәріптеуді көздеген додаға қаланың дарынды өрендері қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай көлемдегі шығармашылық жоба Шымкентте алғаш рет өткізіліп отыр. Соған қарамастан, өнерін көрсетуге келген үміткерлер мен оларды қолдаған көрерменнің қатары қалың болды. Байқау алаңы балалардың қабілетін танытып, көпшілік алдында тәжірибе жинайды.
Шапырашты мәдениет үйінен келген бес-алты жастағы бүлдіршіндер сахнаға алғаш рет шықты. Топ жетекшісі Айжан Төлеген балалардың өнерге қызығушылығы жоғары екенін, олардың дайындығына ата-аналар да белсенді қолдау көрсеткенін айтты.
Байқау үш негізгі бағыт бойынша өтті. «Дәстүрім – дара жолым» вокалдық аталымында жас орындаушылар халық әндері мен патриоттық шығармаларды шырқады. Ән мазмұны арқылы елге, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық рух көрініс тапты.
«Күй – домбыра» аталымында жас күйшілер халқымыздың ғасырлар бойы сақталған музыкалық мұрасын орындады. Қатысушылар күйдің табиғатын ашуға, орындау мәнері мен қағыс тазалығын сақтауға тырысты. Ал «Би – өнердің бейнесі» кезеңінде бүлдіршіндер ұлттық нақыштағы мазмұнды қойылымдарын ұсынды.
Қазылар алқасы өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін, сахнаға кіріп-шығуын, киім үлгісін және әртістік қабілетін он балдық жүйемен бағалады. Саз колледжінің меңгерушісі Жандос Құлымбетовтің айтуынша, туындының мазмұнын көрерменге дұрыс жеткізу де басты талаптың бірі болды.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Абылайхан Оспанов балалар өнерін бағалау кезінде әділдікпен қатар, олардың көңіл күйін де ескеру маңызды екенін жеткізді.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова мұндай сайыстар алдағы уақытта тұрақты ұйымдастырылатынын айтты. Әкімдік пен басқарма шығармашылық байқауларды ай сайын өткізіп, дарынды балаларға бағыт-бағдар беруді жоспарлап отыр.
Байқау қорытындысында жеңімпаздарға бас жүлде және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар табысталды. Ерекше қабілетімен көзге түскен жас өнерпаздар арнайы аталымдар мен ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
📌 Подписывайтесь на Telegram-канал Ertenmedia: коротко о главном, самая актуальная информация здесь!







