Алматы облысы Орталық Азиядағы туризмнің тартымды орталықтарының біріне айналуда. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында өңірге 162 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62%-ға артық. Сарапшылар бұл серпінді өсімді халықаралық деңгейдегі Алматы тау кластерінің қарқынды дамуымен байланыстырады. Бүгінде ол жыл он екі ай жұмыс істейтін, жан-жақты инфрақұрылымы бар жаңа туристік хабқа айналып келеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда облыс аумағында 270 туристік орналастыру нысаны жұмыс істейді. Олар 161,5 мың төсек-орынмен қамтылған. Соның ішінде тек таулы аймақтың өзінде 140 туристік база бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артық көрсеткіш. Алайда туризм саласындағы басты жаңалықтар алда.
Тау кластерін дамыту аясында ірі халықаралық жобалар іске қосылуда. Соның бірі – вьетнамдық CrystalBay компаниясы мен «Кипрос» ЖШС арасындағы серіктестік. Қол қойылған меморандум аясында «Ақ-Бұлақ» курортын жаңғырту көзделіп отыр. Жоба аясында гольф-клуб салынып, қонақүй кешені кеңейтіледі. Инвестиция көлемі – 233 млрд теңге. Бұл жоба 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта курорттың мастер-жоспары әзірленіп, топографиялық түсірілім аяқталған.
Тағы бір ауқымды бастама – Oi-Qaragai курортын кеңейту жобасы. Оның аумағы 105 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғаймақ. 2028 жылға қарай мұнда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жеке инвестиция көлемі 83,2 млрд теңгеге жетеді. Бұл ретте облыс әкімдігі туризм нысандарына қажетті инфрақұрылымды – газ, электр қуаты, су және жол желілерін – қатар дамытуды қолға алып отыр.
Алматы облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Алматы тау кластеріндегі туристер саны жылына 300 мыңнан 850 мың адамға дейін ұлғайтылады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өңірдің туристік әлеуетін толық ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті кәсіпкерлікті жандандыруға жол ашады.
Сонымен қатар кешенді жоспар аясында Қаскелең және Түрген шатқалдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл мақсатқа 70 миллион теңге бөлінген.