Қолғап киіп, қап көтеріп жағажайды тазалап шыққан Нұрдәулет Қилыбайдың Каспийге демалуға келетін меймандарға айтары бар деп жазады Ertenmedia.
«Теңіз жағалауын тазалауды кабинетте отырып шеше алмаймыз. Сондықтан бүгін ауқымды сенбілік өткіздік. Өзім бар, орынбасарларым, басқарма басшылары барлығын сүйреп алып шықтық. Өкінішке орай, Маңғыстауға аунап-қунап қайтуға келетін кейбір туристер артын тазаламай кетеді», — дейді әкім.
Айтуынша, бүкіл салмақты коммуналдық қызметтің мойнына арту әділетсіз.
«Бұл кісілер жағалауды күнде тазалайды. Бірақ қанша күш жұмсалса да, кейбір мейман өзінен кейін ат көпір қоқыс қалдырса, жағажайдың тазалығын сақтап тұру қиынға соғады.
Әркім өзі отырған жерді таза ұстап, соңынан жинап кетпесе, жағалауды жарқыратып қою мүмкін емес. Шындық осы.
Маңғыстаудың әдемі табиғатын көріп, теңіздің ауасымен тыныстаған әркімге ұнайды. Қасиетті өлкенің қадірін білейік», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 13-15 шілде аралығында облыстағы туристік нысандарға кешенді тексеру жүргізілуде. Мониторинг барысында жалпы қолжетімді жағажайлар мен демалыс базаларының санитарлық жағдайы, құтқару бекеттерінің дайындығы, су қауіпсіздігі талаптарының орындалуы және жағалау аумағының экологиялық ахуалы қаралуда.
Бақылау кезінде кейбір демалыс аймақтарында санитарлық талаптардың сақталмауы сынды олқылықтар анықталды.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысына 66 мыңнан астам турист келген. Қазіргі таңда өңірде 31 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 25-і Ақтау қаласында, 6-ы Қарақия ауданында, 4-і Түпқараған ауданында және 2-і Жаңаөзенде орналасқан.
Айта кетейік, аймақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 37 мыңнан аса адам сенбілікке қатысып, 12 мыңдай ағаш отырғызылған. 839 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 9 мыңнан аса тонна қоқыс шығарылды.