Америка аспанында тағы бір бұлт үйіріліп, күн күркіреді. Бұл жолы күркіреу Ақ үйдің дәл шатырынан естілді. Байқаусызда емес, тікелей эфирде. Өзіңіз ойлаңызшы, биліктің ішіндегі бейресми адам, яғни «үкіметтік кеңесші» деген жартылай статуспен жүрген Илон Масктың әлеуметтік сақтандыру туралы сөзінен кейін Вашингтондағы саясаткерлердің самайы солқылдап жіберді.
Маск қызды-қыздымен «Әлеуметтік қамсыздандыру – бұл ең үлкен Понци схемасы» деп салыпты. Әлбетте, мұндай тіркесті жай инженер емес, Twitter-дің бұрынғы қожайыны, Tesla мен SpaceX-тің қақ төрінде отырған миллиардер айтса, ол жай пікір болып қабылданбайды. Бұл – саяси сигнал. Ал саясат дегеніміз – сөз емес, салдардан тұрмай ма?
Президент Трамп осы уақытта жұртқа «бұл бағдарламаны ешкім қысқартпайды, тек тиімді ету жолын қараймыз» деп сендіріп келген еді. Масктың бұл сөзі сол уәдеге қара бұлт үйірді. Ақ үйдің дәліздерінде бір шу шығып «Маскты эфирден алайық па, әлде мәтінін алдын ала бекітіп керек пе?» деген әңгімелер желдей есті. Республикалық партияның ішіндегі кейбір қайраткерлер ашық айтпаса да, іштен тынуда.
Ақ үйдің өкілі болса, бұл алаңдаушылықты мойындады: «Иә, егде жастағы азаматтар үшін мұндай пікірлер – жағымсыз». Бірақ сонымен бірге олар жұртты сабырға шақырды: «Масктың сөзі – мемлекет саясаты емес. Бастысы – президент не дейді, соған қараңыздар».
Бірақ мәселе осымен бітпейді. Маск – жай кеңесші емес, миллиардер-магнат. Оның сөзін нарық тыңдайды, БАҚ іліп әкетеді, электорат елеңдейді. «Әлеуметтік төлемдерді жою маңызды» деген сөзі – жай ескертпе емес, нақты күн тәртібіне айналып кетуі мүмкін ұсыныс.
Конгрессмен-демократ Брендан Бойл мұны ашық айтты «Бұл – халықтың маңдай терімен, өмір бойы төлеген салығы арқылы жинақталған төлем. Егер Трамп пен Маск бұған қол салатын болса, бұл саяси суицид болады». Міне, қатаң ескерту.
Ал DOGE департаментінің ресми миссиясы – үкіметтік ысырап пен жемқорлыққа қарсы күресу. Иә, олар миллиардтаған доллар үнемдеген. Бірақ енді Масктың сөзі фискалдық тәртіптен асып, халықтың күнкөрісіне, елдің болашағына араласа бастады. Ақ үй оның мәртебесін «уақытша арнайы кеңесші» деп шектеп қойғанымен, нақты қай күні бұл мәртебе аяқталатынын ешкім білмейді. Көпке белгісіз бір нәрсе – Маск қазір Вашингтонның ең ықпалды адамдарының бірі.
Бұл оқиғаның асты-үстінде саяси процестер қайнап жатыр. Технократия дәстүрлі биліктің қабырғасын қақырата бастаған сәт – осы. Президент пен миллиардер арасындағы үндестік пе, әлде үнсіз майдан ба – бұл уақыттың еншісінде. Бірақ бір нәрсе анық: Америкада әлеуметтік бағдарламаны қозғасаң, ол жай реформа емес, сайлау тағдырын шешетін қаруға айналады.