Жаңа Қазақстанның басты ұстанымы адам тағдырына немқұрайлы қарамау. Бұл қағида тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте де көрініс тапты. Ішкі істер министрлігі соңғы он жылдықтағы деректерді тиянақтап, нәтижесін ресми түрде жария етті. 2014 жылы еліміздің полиция қызметтеріне 218 633 тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша хабарлама түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 75 004-ке дейін қысқарған. Қарапайым сандар сияқты көрінгенімен, бұл – нақты араласудың, заңнамалық реформа мен профилактикалық жұмыстардың жемісі.
Соңғы жылдардағы хабарламалардың саны аз емес. Бірақ маңыздысы – бұрынғыдай жағдайды жай ғана тіркеп қоймай, құқықтық баға беру, қылмысты қылмыс деп тану үрдісі қалыптасып келеді. Мәселен, 2014 жылы келіп түскен ондаған мың хабарламаның ішінде тек 681 іс қана қылмыс ретінде тіркеліп, тергеуге жіберілген екен.
Ал 2024 жылы дәл осындай сипаттағы 3377 оқиға қылмыстық іс ретінде қаралып, тергеу амалдары жүргізілген. Демек, біз енді тұрмыстық зұлымдықты «отбасылық даудамай» деп емес, қоғамдық қатер деп бағалап отырмыз.
Бұрын жеңіл жарақат, психологиялық қысым, сөзбен қорлау сияқты әрекеттерге тек әкімшілік жаза қолданылса, 2024 жылдан бастап бұл тізім қайта қаралып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Яғни, енді бұзақының қолынан соққы алған адам «бұл оның жүйкесі сыр беріп тұр» деп кешіруі міндетті емес. Заң бұзушы заң алдында жауап береді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыровтың айтуынша, 2024 жылы елімізде 7 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» және «соққы беру» фактілері бойынша. Бұған дейін мұндай әрекеттер тек айыппұлмен, ескерту берумен шектелсе, қазір бұл – құқық бұзушылықтың толыққанды қылмыстық формасына айналды.
Бұған не себеп? Ең алдымен, ел Президентінің нақты саяси ерік-жігері. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамның қауіпсіздігі – отбасындағы тыныштықтан басталады» деген қағиданы ұстанып, бұл проблеманы ашық талқылауға, жасырып-жабуға емес, нақты әрекетке көшуге шақырды. Бұл ретте 2020 жылы қабылданған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қайта қаралып, бірқатар жаңа нормалар енгізілді. Қорғау ұйғарымдарының саны артты, полицияның әрекет ету ауқымы кеңейді, дағдарыс орталықтарының жұмысы қайта құрылды.
Бұрын «жұбайының үстінен арыз жазыпты» деген сөз өзге отбасыларда сынға ұшырайтын. Енді мұндай жағдайға куә болған көршілердің өзі полицияға хабар беруге ұмтылады. Бұл – құқықтық мәдениеттің жаңа кезеңге өткенінің белгісі. Азаматтық сана тұрмыстық зомбылықты жабық тақырып емес, ашық, әділ, заң шеңберінде шешілетін мәселе ретінде қабылдай бастады.
Тағы бір маңызды бағыт – құқық қорғау саласындағы кадрлық өзгерістер. Полиция қызметкерлері арнайы оқытудан өтіп, тұрмыстық зорлықпен жұмыс істеу этикасы мен психологиялық тәсілдерін меңгерді. Бұрын арыз түссе, «кешіріммен шешіңдер» деп қайтаратын тәртіп сақшылары енді нақты әрекетке көшкен.
Ренат Зұлхайыровтың сөзімен айтқанда, 2024 жылы ауыр қылмыс санаты бойынша да оң өзгерістер бар. Отбасылық кикілжіңнен туындайтын адам өлтіру 6,4%-ға, ауыр дене жарақатын келтіру 25,5%-ға, орташа дәрежедегі жарақат 12%-ға азайған. Қаншама әйел қорған тапты, қаншама бала ата-анасының айқайынан, ұрып-соғудан аман қалды десеңізші.
Әлбетте, шешілмеген мәселелер әлі де бар. Әсіресе ауылдық жерде тұрмыстық зорлық туралы айту, арыз жазу мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Кейде дәстүр мен ұят деген ұғымдар адамның құқығын аяққа таптап жатады. Бірақ заңның күші күшейіп, құқықтық сауат артып, мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірігіп жұмыс істей берсе – бұл бағытта да өзгеріс болады.
Бүгінде әрбір облыста, қалада, ауданда дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бұл – қашықтап кеткен әйелдің, қорқып жүрген баланың, амалы таусылған адамның бір сәттік болса да, бас сауғалайтын жері. Мемлекет бұл мекемелердің қаржылануын арттырып, ресурстық әлеуетін көбейтіп келеді. Бұл – Президент Тоқаевтың «Адам – мемлекеттің басты байлығы» деген ұстанымының нақты көрінісі.
Ендігі жерде бұл статистиканы құрғақ сандар деп қабылдамауымыз керек. 2014 жылғы 218 мың хабарламаның артында қаншама көз жас, үнсіз азап, түнгі айқайлар тұрғанын елестетейікші. Ал бүгін 75 мыңға түскен санның артында қаншама қорған табылған жүрек, араша болған қол, шешім қабылдаған сана жатыр. Бұл – он жылдық еңбектің, жүйелі саясаттың, заң үстемдігінің жемісі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның дерті. Оны заңмен де, сана арқылы да, тәрбиемен де емдеу керек. Заң өз жұмысын атқарып жатыр. Енді сана мен тәрбиеге келуіміз керек. Әр қазақ үйі – қауіпсіздік пен махаббаттың мекені болуы тиіс. Отбасындағы тыныштық – ұлттың тыныштығы. Сондықтан қоғам бұл үдерісті тек бақылап қана қоймай, өз үлесін де қоса білуі қажет. Жақсылықтың жалғасуы – бірге жүрген кезде ғана болады.
Нұрлан ӘУБӘКІР