Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласы мен оған қарасты елді мекендерге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты, жаңа жедел жәрдем көліктері мен қызметтік автокөліктерді ауылдық округтерге табыстады, әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты, мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың үйіне барып мәселелерін тыңдады және дзюдодан жастар арасында өтетін Қазақстан чемпионатының ашылуына қатысты.
Сапардың маңызды оқиғаларының бірі – Рахат ауылында 1200 орындық №25 жаңа мектептің ашылуы. Білім ошағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Мектеп 61 арнайы кабинетімен жабдықталған, оның ішінде STEM зертханалары, робототехника, дизайн және технология, мәдениет және өнер, тамақтану мәдениеті, инклюзивті білім беру кабинеттері бар.
Жедел медициналық көмектің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыс әкімі Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станциясына заманауи медициналық құралдармен жабдықталған бес жаңа Hyundai Staria автокөлігін табыстады. Бұл жедел көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нұрдәулет Қилыбай сапар аясында өңірдегі ірі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен де танысты. Ол 350 балаға арналған қосымша білім беру орталығы саналатын «Bolashaq Saraiy» оқушылар орталығы ғимаратының құрылысын аралады. Орталықта зертханалар, IT-сыныптар, телестудия, шығармашылық шеберханалар, акт залы және коворкинг аймақтары қарастырылған. Әкім нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі жыл басында ашылған көпфункционалды «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысын бағалады. Мұз аренасы өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға айтарлықтай серпін берді. Мұнда хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг секциялары жұмыс істейді, сондай-ақ жаттығу процесіне қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.
Әлеуметтік нысандарды аралағаннан кейін Нұрдәулет Қилыбай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, олардың талап-тілектерін тыңдады. Жауапты мемлекеттік органдарға қолжетімді орта құру, азаматтардың сұранысы бойынша төменгі қабаттарға көшіру мәселесін шешу және инватакси қызметін кеңейту бойынша тапсырмалар берді.
Осыдан кейін аймақ басшысы Кендірлі ауылында жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту мақсатында салынған жаңа ауылдық әкімдік ғимаратының ашылуына қатысты. Сонымен қатар Кендірлі, Қызылсай, Теңге және Рахат ауылдық округтеріне қызметтік автокөліктер табысталды. Бұл ауылдық әкімдіктердің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар соңында облыс әкімі Жаңаөзенде алғаш рет ұйымдастырылған дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам спортшы жиналды. Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде Президент тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық және жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлініп, заманауи спорт инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып жатқанын атап өтті.
Жұмыс сапары Жаңаөзен мен ауылдық округтердің әлеуметтік саласын дамытуға тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

