Депутат Ермұрат Бапи Президенттің күні кешегі Жолдауында көтерген парламенттік реформа мәселесі қоғамның белсенді әрі жауапты мүшелері үшін сын сағаты екенін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның пікірінше, Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы бұған дейінгі үндеулерден әлдеқайда терең әрі батыл.
«Қазір әлемнің геосаяси жағдайы алай-дүлей. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде, бәлкім, бізге тыныш қана күте тұрған жөн болар ма еді? Бірақ Президент ешкім мәжбүрлемесе де, елдің ертеңін ойлап, саяси өзгерістердің батыл қадамын жасады. Бұл «Жаңа Қазақстанды» құруға деген шынайы ұмтылыс», – дейді депутат.
Бапидың айтуынша, парламенттік реформаның маңызы ерекше. Ол осы салада отыз жылға жуық жүрген азамат ретінде, Парламенттің нақты саяси күшке айналатын кезі келді деп есептейді.
«Қалай болғанда да біз болашақта партиялық сайлау жүйесіне көшуіміз керек еді. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бәрі осы жүйеге бағынады. АҚШ пен Еуропаны айтпағанның өзінде, халықаралық қоғамда мойындалған сайлау жүйесіне біртіндеп өтудің уақыты жетті», – деп атап өтті Ермұрат Бапи.
Ол соңғы екі күнде еуропалық баспасөз бен халықаралық ұйымдардың өкілдері хабарласып, Қазақстанда жоспарланған саяси реформаларға ерекше қызығушылық танытып жатқанын жеткізді.
«Бұл түсінікті жағдай. Себебі Азияда саяси стагнацияға ұшыраған авторитарлы елдердің ортасында отырмыз. Біздегі саяси реформалар сол елдерді үркітуі мүмкін. Бірақ біз үшін қазір ең маңыздысы Парламентті қоғамның ортақ үнін білдіретін күшті саяси институтқа айналдыру. Осы арқылы біз бүгінгі геосаяси тәуекелдерге қарсы тұратын, саяси жігері мықты қоғам қалыптастыра аламыз», – деді депутат.
Оның пікірінше, дәл қазіргі уақытта қоғам мен билік арасында сенімді диалог орнату аса маңызды. Президент Тоқаевтың бастамасын толық қолдап, оны ұлт мүддесі үшін пайдаланудың мәні зор.
«Дегенмен өкінішке қарай, биліктің кез келген бастамасынан мін іздеп, сынауды әдетке айналдырған кейбір белсенділер бар. Осы керітартпа көзқарасымыздан арылуымыз қажет. Президент айтқандай, қоғамды жаңғыртуда әлі атқаратын шаруа көп. Ал ол шаруаларды кім істейді? Әрине, мемлекетшіл ұстанымдағы, азаматтық жауапкершілігі мол қоғам мүшелері», – деп атап өтті депутат.
Бапи парламенттік реформаны екі жыл бойы кеңінен талқылап, оған қоғам болып атсалысуға шақырды.
«Бұл Президент Тоқаев бастаған түбегейлі саяси өзгерістердің заңды жалғасы. Үшінші рет референдум арқылы халықтың тікелей дауысымен қабылданатын бастама. Демек, Президентіміздің өзі қоғамның үнін естіп, соған сай әрекет етіп отыр», – деді Ермұрат Бапи.