ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетов өзін «орысшыл», «ресейшіл» деп қаралаған қауымға эмоцианалды жауап қатты. Бұл туралы «Әшкере» арнасы жазды, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаткердің үнсіздігін өз қолайына пайдаланып, үндемеген сайын өсек-өтірікті өршіте түсетін қауымнан көңілі қалған екен.
«Азды көп абырой атымды саудаға салмай, барша айып таққыштарға бір жауабын берейін. Біріншіден, мен көзімді тырнап ашқаннан санама қазақтың мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, қазақы тәлім-тәрбие алған азаматымын. Жақын мен жатты айыруды біліп өскендердің сапынанмын», — дейді ол.
Тасмағамбетов сөй дей келе, өзін «ресейшіл» деп айыптайтын қауымға өкпе-ренішін жасырмай жеткізіпті.
«Кейбір бақытсыз жандар мені «ресейшіл», «орысшыл» деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, ОДКБ-ға туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба?.. Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді», — дейді саясаткер.
Осы тұста Тасмағамбетов заманында «орысшыл» деп айыпталған Абайды мысалға келтіріп, хәкімнің бір шумақ өлеңін оқып шыққан екен.
Айтуынша, Украина мен Ресейдің арасындағы қантөгісте жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаніпезерлік…
«Түсінем, тұтас сұхбаттан контексті кесіп қалып, жаһанға жар салатындарға дауа жоқ. Өз тарапымнан айтарым, ағайын, не нәрсеге де байыппен қарайық. Ақылды сақтайтын мінез. Мінез бұзылмасын.
Әлемжеліде отырып алып, өтірікті судай сапыру өте оңай. Қиыны, ар алдындағы жауап. Ел алдында ұялатын жерім жоқ.
Мен үшін қазақтың мүддесінен биік ешнәрсе жоқ. Елден жырақ жүрсем де, халқымның рухани қолдауы маған қашан да қымбат. Ораза Айта құтты болсын» — деп тәмәмдапты сөзін саясаткер.