Күні кеше ғана Ашхабадта өткен баспасөз мәслихатында Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас теңіз толқындарын кесіп өтетін, құрлықтар арасын жалғайтын Транскаспий бағыты – бұл жай ғана жүк тасымалдау маршруты емес, XXI ғасырдың геосаяси архитектурасы екенін ашық айтты. Еуропа мен халықаралық қаржы ұйымдары осы дәлізге 10 миллиард еуро инвестиция құюға дайын, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл ұстаным Еуропаның Каспийдің арғы бетінде жатқан Орталық Азияға деген көзқарасының айнасы іспеттес. Бұл – Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағынының дәл жүрек тұсында орналасқан Қазақстанға берілген геосаяси аванс десек болады.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яки әйгілі «Орта дәліз» – ежелгі Жібек жолының жаңғырған нұсқасы. Қытайдан шыққан жүк алдымен Қазақстанға келеді, одан әрі Ақтау порты арқылы Каспий теңізін кесіп өтеді. Әрі қарай Әзірбайжан, Грузия арқылы Түркияға, сосын Еуропаға бет алады. Бұл маршруттың баламасы – Солтүстік дәліз, яғни Ресей аумағы арқылы өтетін бағыт. Бірақ Украинамен соғыс басталғаннан кейін бұл дәлізге деген сенім төмендеп, Транскаспий бағытына сұраныс күрт артты.
Бүгінде транзиттік қауіпсіздік пен инфрақұрылым сапасы тауар жеткізудің ең басты критерийлеріне айналған. Бұл тұрғыда Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия үшін де Транскаспий дәлізі – тек экономикалық емес, саяси да капитал. Ол арқылы тек тауар емес, идеялар, ықпал, болашақ қозғалады.
Кая Калластың мәлімдемесі осы ықпалды нақтылаудың кезекті қадамы болды. Еуропалық одақ тек логистикаға ғана емес, осы дәліз арқылы өтетін мәдени, білім, ғылым, тіпті жас таланттар арасындағы байланысқа да қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Яғни, теміржол мен теңіз порты – бұл тек нысандар емес, бұл – адам капиталына салынатын инвестицияның да инфрақұрылымы.
Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан, Әзірбайжан мен Грузия осы дәліздің бойындағы елдер ретінде әрқайсысы өз учаскесінде инфрақұрылымды жаңартып, порттарын кеңейтіп, логистика мен кедендік рәсімдерді жетілдіруге күш салып жатыр. Бұл – Еуразияның жүрегінде жаңа экономикалық дәліздің пайда болу сәті.
Қазақстан бұл бағытта көш бастап келеді. Ақтау порты мен Құрық терминалының қуатын арттыру, теміржол магистральдарын жаңғырту, кедендік рәсімдерді цифрландыру – бұл еліміздің геосаяси салмағын арттыратын нақты қадамдар. Енді осы қадамдардың нәтижесі Транскаспий бағытындағы нақты жүктің өсуімен дәлелденуі тиіс.
Айта кетер жайт, бұған дейін де Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы стратегиялық әріптестік аясында бірқатар құжаттарға қол қойылған. Мәселен, биыл ғана құны 3 миллион еуроны құрайтын сирек кездесетін пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге қатысты келісім жасалды. Бұл да Транскаспий дәлізінің ішкі мазмұнын байытып, оны тек логистика емес, стратегиялық ресурстар тасымалдайтын күретамыр ретінде бекітуге бағытталған.
Егер біз Транскаспий дәлізін тиімді пайдалана алсақ, Қазақстан тек Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір ғана емес, өндірістік хабқа да айналуы мүмкін. Бұл үшін бізге кедендік рәсімдерді автоматтандыру, логистика мен көлік инфрақұрылымын цифрландыру, көлік дәлізінің әр бөлігінде тауарлардың кешігуін болдырмау тетіктері қажет. Бұл салада да Еуропа бізге әріптестік ұсынуға дайын екенін білдірді.
Қорытындысында айтсақ Транскаспий – бұл жаһандық экономикалық қайта құрылымдаудың дәл ортасында тұрған үлкен мүмкіндік. Қазақстан осы жобаның діңгегі болуға дайын ба? Иә, дайын. Ол үшін бізге тек ниет емес, нақты іс, нақты шешім, нақты инвестиция керек. Кая Каллас айтқан 10 миллиард – сол істің бастауы ғана.
Егер біз осы мүмкіндікті іске асыра алсақ, онда Транскаспий дәлізі – бүгінгі геосаяси теңсіздікте Орталық Азияның өз жолын өзі таңдай алатындығының дәлелі болады. Ал бұл жол – біздің тәуелсіздігіміздің жаңа кезеңінің басталуы.