Мемлекет басшысының жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты Үкімет арнайы ұлттық жоспар әзірлеп, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына жан-жақты қолдау көрсетуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінгі күні аграрлық сала мамандары тұрғын үй субсидиясын, жас мамандар жалақы субсидиясын, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие ала алады. Бұл шаралар ауылдағы еңбек адамдарын қолдауға, аграрлық салаға деген қызығушылықты арттыруға және ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жуырда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің қатысуымен өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші республикалық форумында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 107 ауыл еңбеккері марапатталды. Оның ішінде 79 адам – тікелей жұмысшы мамандықтардың өкілдері. Бұл ауыл еңбеккерлерінің қоғам алдындағы маңызын арттырудың нақты қадамы екені сөзсіз.
Ветеринар мамандар да ерекше назарда. Кейінгі екі жыл ішінде олардың жалақысы 38 пайызға өскен. Сонымен қатар, олардың мәртебесін арттыру мақсатында «Ветеринарлық қызметкерлер күні» атты кәсіби мереке бекітілген. Ветеринарлардың қауіпті және зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша төлемдер де енгізілген.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ төрағасы Бауыржан Асановтың айтуынша, жұмысшы мамандықтарды қолдау және олардың мәртебесін көтеру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында марапатталған мамандардың 74 пайызы – қарапайым жұмысшы мамандық өкілдері: сауыншылар, механизаторлар, мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері. Сонымен қатар, ветеринарлардың мәртебесін көтеру бойынша нақты іс-шаралар жүзеге асырылып, кәсіби мереке белгіленіп, жалақы арттырылды. Бұл – ауылдағы еңбек адамдарының абыройын арттыруға бағытталған нақты қадамдар», – дейді ол.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы мамандарын қолдау арқылы мемлекет аграрлық саланың әлеуетін көтеруді ғана емес, ауылды жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды да көздеп отыр. Бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







