Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды іс-шара – жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған алты сағаттық ақпараттық марафон басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шара республикалық телеарналар мен интернет-порталдардың YouTube және Facebook платформаларында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.
Ақпараттық алаңның мақсаты Конституцияның жаңа жобасының негізгі бағыттары мен өзгерістерінің мәнін халыққа ашық түсіндіру болып табылады. Әрі ұсынылған жаңалықтарды әр азаматтың өмірімен байланыстырып көрсету.
Марафон аясында «Ток-шоу» және «Сараптау: бұрын және қазір» пікірталас алаңдарында 100-ге жуық беделді сарапшы мен қоғам қайраткері Конституция жобасындағы негізгі бағыттарды талқылауда.
Атап айтқанда, «Жаңа Конституция: өзгерістердің мәні», «Жаңа Конституцияның Преамбуласы», «Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат», «Адам – мемлекеттік саясаттың өзегі», «Заң және тәртіптің үстемдігі», «Тарихи-мәдени мұраны сақтау», «Отбасы және неке», «Құрылтайдың ықпалы», «Қазақстан Халық кеңесі», «Ұлттық заңнама мен халықаралық шарттардың арақатынасы», «Еріктілер қызметі», «Экологиялық мәдениет пен жауапкершілік» секілді өзекті тақырыптар жан-жақты сараланып жатыр.
Марафонға Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым, Ермұрат Бапи, Мұрат Әбенов, Асхат Аймағамбетов қатысуда.
Іс-шара барысында Конституция жобасына бей-жай қарамаған азаматтардың ұсыныстары Конституцияның жаңа баптарында қалай көрініс тапқаны нақты мысалдармен көрсетілуде. Осылайша, халықтың пікірі мен ұсынысы ескерілген Конституция жобасының жаңалықтары кеңінен таныстырылып жатыр.
Ресейдегі экс-елбасы Назарбаевтың иелігіндегі «Азия-Тынық мұхит банкі» (АТБ) былтыр күреп табыс тауып, аста-төк пайдаға кенеліпті. Сайтымыздың осыған қатысты зерттеуін назарларыңызға ұсынамыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

