Астанадағы Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасында кішкентай қыздың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Orda-ның дерегінше сот анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиеваны 2021 жылы туған баланың өліміне кінәлі деп таныды. Белгілі болғандай, дәрігерлер 18 тісін емдеу үшін бүлдіршінге «Севоран» препараты арқылы төрт жарым сағат бойы наркоз берген. Алайда наркоздан ояну кезінде баланың жүрегі тоқтап, көрсетілген шұғыл медициналық көмек нәтиже бермеген.
Қалалық сот судьясы Қажымұқан Мекемтас істің қорытындысын жариялады:
«Аида Жұмағалиева ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы, 3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан және үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылсын.
Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық туралы заңға сәйкес, тағайындалған жазадан босатылсын».
Бұған дейін өткен сот отырыстарында зардап шегуші тараптың өкілдері мен сотталушының адвокаты клиниканың басшысы Надежда Хон мен стоматолог-дәрігер Төлеухан Әубәкіровті де қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, ортақ өтініш білдірген болатын.
Ertenmedia.kz 18 тіске берілген төрт сағаттық наркоз туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.

