АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің саяси мұрасын жалғастыруға лайықты кандидат туралы кеңесшілерімен ақылдасып жатыр. Қазіргі таңда ол вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың кандидатураларын қарастыруда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Басылымның дерегінше, Трамп бұл екі саясаткердің арасындағы ықтимал тандем туралы жиі ойланып, кеңесшілерінен пікір сұрай бастаған.
– Президенттің 2028 жылға арманы Вэнс–Рубио тандемі, әрі бұл ретте Вэнс көшбасшы болуы тиіс. Бірақ Трамп Рубио–Вэнс тандеміне де қарсы емес, – дейді президенттің есімін атамаған кеңесшісі.
Порталдың мәліметінше, Джей Ди Вэнстің президенттік кампаниясын жүргізуге қабілетті саяси кеңесшілер тобы бар. Ал Марко Рубионың әзірге мұндай инфрақұрылымы жоқ, дегенмен ол Вэнстің кандидатурасын қолдайтынын айтқан.
– Егер Джей Ди Вэнс президенттік сайлауға қатысса, ол біздің үміткеріміз болады, мен оны алғаш болып қолдайтындардың бірі боламын, – деген еді Марко Рубио 2025 жылғы сұхбаттарының бірінде.
Сонымен қатар Трамптың кеңесшілері қазіргі уақытта президент нақты шешім қабылдамайтынын, өйткені мұның қазіргі жұмысына кедергі болатынын және оның биліктен кетуге дайындалып жатқандай көрінгісі келмейтінін атап өтті.
Қаңтар айының соңында Трамп Республикалық партияның болашақ президенттік сайлауда үміткер болуға қабілетті тұлғалары көп екенін айтқан болатын. Ол Джей Ди Вэнс, Марко Рубио және Қаржы министрі Скотт Бесентті атап өткен.
Оған дейін Трамп Вэнстің Республикалық партия атынан болашақ сайлауға түсуі «аса ықтимал» деп мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

