Қазақстанда жұмыссыз жүрген мыңдаған азамат қысқа мерзім ішінде жаңа мамандық меңгеріп, еңбек нарығына қайта оралуға мүмкіндік алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жыл басынан бері 22 мыңнан астам адам арнайы кәсіби даярлықтан өтіп, сұранысқа ие дағдыларды игерген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мұндай оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына сай ұйымдастырылып, оқу орындарында, тікелей жұмыс орнында және онлайн форматта жүргізіліп жатыр.
Оқу мерзімі алты айдан аспайды. Ұзақтығы таңдалған кәсіптің ерекшелігіне қарай белгіленеді. Ең көп адам оқуға Ақтөбе облысында жіберілген. Мұнда 2,6 мың адам қамтылған. Шымкентте 2,3 мың адам, Түркістан және Қызылорда облыстарында 1,6 мыңнан, Қостанай облысында 1,5 мың адам қысқа мерзімді оқуға тартылған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, осындай тетік жұмыссыз азаматтарға бірнеше айдың ішінде еңбек нарығында қажет кәсіби білім мен машық алуға жол ашады. Яғни, ұзақ жыл оқып уақыт жоғалтпай, нақты бір кәсіпке бейімделіп шығуға мүмкіндік бар.
Enbek платформасы арқылы онлайн форматта 21,6 мың жұмыссыз білім алған. Ең сұранысқа ие бағыттар қатарында аспаз, тігінші, бухгалтер-кассир, шаштараз, тракторшы-машинист, маникюр шебері мен стилист мамандықтары бар. Оқу кезеңінде қатысушыларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге мөлшерінде жалақы төленеді.
Жалпы алғанда, қысқа мерзімді оқу тетігі еңбек нарығындағы бос кеңістікті толтыруға да, жұмыссыз жүрген азаматқа жаңа тірек табуға да қызмет етіп отыр. Нәтиже қағаз жүзіндегі көрсеткішпен ғана өлшенбейді. Негізгі мәселе оқуды аяқтаған адамның тұрақты жұмысқа қаншалықты тез орналасатынында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







