Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге дайындық жұмыстарын толық аяқтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары дайындық жұмыстарын аяқтады. Қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізіліп, комиссиялардың қызметіне әдістемелік қолдау қамтамасыз етілген. Дауыс беру рәсімдерін қолдану мен референдум туралы заң талаптарын сақтауда бірыңғай тәсіл қалыптастырылды. Бұл біздің республикалық референдумды өткізуге және оны заң талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастыруға толық дайын екенімізді айтуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Әбдіров.
Комиссиялардың дайындығындағы негізгі бағыттардың бірі референдум комиссияларының мүшелерін оқыту болды. Жоспар бойынша 13 наурыз күні оқытудың қорытынды кезеңі аяқталды. Жалпы дайындық аясында 5800-ден астам оқыту семинары ұйымдастырылып, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қатысты. Бұған қоса, комиссия мүшелерінің дайындық деңгейін анықтау мақсатында қашықтан онлайн-тестілеу де өткізілді.
Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, каскадтық оқыту жүйесі ел аумағында комиссия мүшелерін даярлаудың бірыңғай стандартын қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, референдумға дайындық барысында қоғамдық байқау жүргізуге де ерекше назар аударылды. Заңнамаға сәйкес, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің референдум учаскелерінде байқаушы ретінде қатысуы үшін қажетті жағдай жасалды. Бүгінге дейін жалпы 256 ұйым аккредиттеуден өтті. Оның 11-ін Орталық референдум комиссиясы, қалған 245-ін аумақтық комиссиялар тіркеді.
Отырыс соңында Орталық референдум комиссиясының дауыс беру күні елдегі дауыс беру барысы туралы әр екі сағат сайын БАҚ өкілдеріне дәстүрлі түрде тікелей эфирде ақпарат беріп отыратыны айтылды. Ақпараттың нақты берілетін уақыты алдын ала жарияланатын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







