Атырау облысының Мақат ауданында екі полиция қызметкері жемқорлық күдігіне ілікті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға жергілікті тұрғынның облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне шағымдануынан кейін анықталды.
Оқиғаның мән-жайы бойынша, Мақат ауданының тұрғыны көлікті мас күйінде жүргізіп келе жатқанда полиция қызметкерлері тоқтатқан. Жүргізушінің мәлімдеуінше, әкімшілік жауапкершілікке тартылмас үшін полицейлерге 300 мың теңге көлемінде қаражат берген. Кейінірек азамат берген ақшасын қайтаруды талап етіп, полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне ресми шағым түсірген.
Өтініш бойынша 2025 жылдың 24 желтоқсанында қылмыстық іс қозғалып, күдікті полицейлер сол күні-ақ ұсталған. Тәртіп сақшылары жалпы жиналыс үстінде қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Қазіргі уақытта қызметтік тексерудің нәтижесі бойынша аталған екі қызметкер ішкі істер органдарынан жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылды. Тергеудің нақты құқықтық бағасы мен істің ары қарайғы процессуалдық шешімдері туралы ақпарат әзірге ашық жарияланған жоқ.
Айтпақшы, Алматы қалалық полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметі басқармасының ішкі миграцияны бақылау және құжаттандыру бөлімінің бұрынғы бастығы, полковник Жанна Жақыпбаева өз мансабын 200 мың теңгеге бағалап, қызметінен қуылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

