Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров елдегі ірі көмір өндіруші компаниялардың басшыларымен жиын өткізіп, Президенттің V Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау барысын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде Қазақстанның көмір генерациясын дамытуға бағытталған жаңа Ұлттық жобаның тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл жоба ел аумағындағы жалпы қоры 33 млрд тоннадан асатын көмір ресурсын стратегиялық маңызы жоғары отын ретінде қарастырады.
Ұлттық жобаның мақсаты тек электр энергиясын өндіру емес, саланы кешенді дамытуды көздейді. Оның аясында инвестиция тарту, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық таза технологияларды енгізу және білікті кадрларды даярлау қарастырылған.
Алдын ала жасалған болжамға сай, 2032 жылға қарай энергетикалық көмірге сұраныс жылына 19 млн тоннадан асып түседі. Бұл саладағы компаниялардың өндірістік қуатын шұғыл түрде арттыру қажеттігін туғызуда.
Кездесуде «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының» атқарушы директоры Николай Радостовец, «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак және «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның өндіріс жөніндегі директоры Павел Чувашев өз жоспарларын таныстырды. Баяндамашылар көмір өндіру көлемін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және инвестиция тарту мәселелеріне ерекше тоқталды.
Атап айтқанда, «Богатырь Көмір» ЖШС 2024 жылы жоспарланған 42,7 млн тонна көмір өндіру көлемін 2026 жылға қарай 45,2 млн тоннаға, ал 2032 жылға қарай 56,5 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Компания бұл мақсатта циклді-толассыз технология (ЦТТ) нысандарын салуға, жаңа техниканы сатып алуға және өндірісті жаңғыртуға жалпы көлемі 360 млрд теңге қаражат бөледі. Сонымен бірге кәсіпорында MES басқару жүйесі енгізіліп, жүк тасымалын оңтайландыру бойынша цифрлық шешімдер қолданылмақ.
Өз кезегінде «Шұбаркөл Көмір» АҚ 2026 жылы көмір өндіру көлемін 16,1 млн тоннаға дейін арттыру жоспарын ұсынды. Компанияның 2026-2032 жылдарға арналған инвестициялық стратегиясына сәйкес, техникалық қайта жарақтандыруға және цифрландыруға 95,5 млрд теңге бөлінеді.
Жоспар бойынша Циклді-толассыз аршу кешенінің (ЦТАК-2) екінші кезеңі іске қосылып, 49,4 млрд теңгеге өндіріс техникасы жаңартылады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар аясында Hovermap жүйесі мен роботтандырылған жүк тасымалдау техникасы қолданысқа енгізілмек.
Жиынды қорытындылаған Ерлан Ақбаров теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мен жартылай вагондар паркін кеңейтудің маңызына тоқталды. Бұл шаралар көмір жеткізілімін тұрақты қамтамасыз етіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазыналы қазақ жерінің жер қойнауында мұнайдан гөрі көмірдің мол қоры бар. Мамандар оны 500-600 жылға дейін алаңсыз өндіруге болатынын алға тартуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







