Семейде биыл 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті бірыңғай үлгіде жаңартылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы Кеңгірбай би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй аумағына барып, қасбетін жөндеу жұмысының барысымен танысты. Қазір аталған үйдің сырты термопанельмен қапталып, балкондары металлсайдингпен әрленген. Терезе жиектері мен сәндік кронштейндер орнатылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі де қойылған.
Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылы шаһардағы 30-ға жуық үйдің қасбеті біркелкі стильде жаңартылмақ. Жұмыс қаланың сыртқы келбетін жақсартып, негізгі көшелер бойындағы ғимараттардың сәулеттік үйлесімін арттыруға бағытталған.
Жөндеу көріп жатқан үйдің тұрғындары атқарылған іске оң бағасын берді. Кеңгірбай би көшесінің тұрғыны Гүлнәр Жетімекованың сөзінше, ол осы үйде 40 жылдан бері тұрады. Осы уақытқа дейін қасбетке мұндай жөндеу жасалмаған. Тұрғынның айтуынша, жұмыс сапалы орындалған, ал қаланың ажары күн санап жақсарып келеді.

Берік Уәли үйдің негізгі көшелердің бірінің бойында тұрғанын айтып, осындай үлгідегі жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, қасбеті жаңарған үйлер қаланың көркін кіргізіп қана қоймай, тұрғындардың көңіл күйіне де оң әсер етеді.
Семейде көпқабатты үйлердің қасбетін жөндеуге арналған жеке бағдарлама әзірге жоқ. Соған қарамастан, 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы және күрделі жөндеуді ұйымдастыру қағидалары бекітілген. Сол құжат негізінде 2022-2025 жылдар аралығында 89 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті ағымдағы жөндеуден өткен.
Таяуда Абай облысы әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







