Қазақстан Ұлттық банкі «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға арналған кезекті төлем сомасын жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бағдарламаға қатысушы әр баланың жеке шотына 130,71 доллардан аударылған. 2025 жылдың аяғындағы мәліметке сәйкес, бағдарламамен қамтылған бала саны 6 918 656-ға жетті.
Мемлекет басшысы бастамасымен іске асқан «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасы 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталған еді. Сол жылы әр балаға 100,52 доллардан аударылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 129,38 доллар болған.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, төлемнің мөлшері Ұлттық қордың ұзақ мерзімді инвестициялық кірісіне тікелей байланысты. Баланың жеке шотына аударылған қаражат әрі қарай да инвестицияланып, 18 жасқа толғанша қосымша табыс әкеліп отырады.
Үш жылдың ішінде әр баланың шотында инвестициялық кіріспен бірге жиналған қаржы 370,56 долларға жеткен.
Толық ақпаратты 31 қаңтардан бастап eGov mobile қосымшасы мен kids.enpf.kz сайтынан көруге болады.
Айтқандай, бұдан былай қордан төленетін қаражатты бір отбасы ішінде аударуға рұқсат берілуі мүмкін. Бас банкир Сүлейменов мұндай идеяға қарсы емес екенін айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

