Бүгін Жетісу облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Іс-шара барысында 7300-ге жуық адам қатысып, 450 гектар аумақ қоқыстан тазартылды және 2200 түп ағаш көшеті егілді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, осы бағдарлама аясында ұйымдастырылған «7 OZEN» акциясында өңірдегі өзендердің жағалаулары мен арналары жүйелі түрде тазаланып жатыр.
– Өткен сенбіде Қаратал өзенінің жағалауын тазалаған болатынбыз. Бүгін Көксу өзенінің арнасын тазарту шараларын Көксу ауданынан бастап, әрі қарай Ескелді мен Кербұлақ аудандарында жалғастырдық. Жалпы саны 700-ден астам ағаш отырғыздық. Тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Біз ең алдымен өзіміздің айналамызды таза ұстауымыз керек. Сонда ғана Жетісудың көркем табиғатын келер ұрпаққа аманат етіп жеткізе аламыз, – деді Марлен Көлбаев.

Экологиялық акцияға қатысушылардың бірі, Көксу ауданының тұрғыны Ерлан Шалқыбеков шараның маңыздылығын атап өтті:
«Қоршаған ортаны таза ұстау – бәріміздің ортақ парызымыз. Бүгін Көксу өзенінің жағалауын тазалауға қуана қатыстым. Осындай шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрса, қоғамда табиғатты қорғау мәдениеті орнығады деп сенемін», – деді ол.
Ал Ескелді ауданының тұрғыны Әсет Өзенбаев волонтер ретінде экологиялық шараларға жиі қатысатынын айтты.
«Волонтерліктің маңызды бағыттарының бірі – қоршаған ортаны тазарту және көгалдандыру. Мұндай шаралардың өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға септігі зор. Біз осындай игі істер арқылы тұрғындар арасында экологиялық өмір салтын насихаттап келеміз», – деп пікір білдірді Әсет Өзенбаев.
Жалпы бүгінгі «7 OZEN» акциясына 1100-ден астам адам мен 26 техника жұмылдырылып, 85 тоннадан астам қоқыс шығарылды және 720 түп ағаш отырғызылды.
Жетісу облысында Наурызнама онкүндігі аясында өткен Тазару күніне орай, өңірдің табиғи байлығын сақтау мақсатында кең көлемде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







