Қазақстандықтардың қаржы жинау дағдысы соңғы он жылда айтарлықтай өзгертті. Халық бұрынғыдай доллар қуаламай, депозит жинағын теңгеде сақтауға көше бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір кездері ел ішінде ақшаға қатысты кез келген кеңес бір арнаға тоғысатын. Көлік сатсаң да, пәтер сатсаң да, сыйақы алсаң да, «доллар ал» деген түсінік кең тараған еді. Валюта жинау сақтықтың белгісі сияқты қабылданды.
Экономика тек мөлшерлеме, инфляция немесе Ұлттық банктің есебі ғана емес. Экономика күн сайын миллиондаған адам жасайтын таңдау. Ал сол таңдау соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді.
2016 жылдың басында халық депозиттерінің небәрі 19,9 пайызы ғана теңгеде сақталған. Қарапайым тілмен айтқанда, әр 100 теңгенің тек 20 теңгесі ұлттық валютада жатқан. Қалған қаражатты жұрт доллар мен басқа валютада ұстауды жөн көрді.
Ол кезде көпшіліктің қаржылық логикасы түсінікті болды: күнделікті өмір теңгемен жүрді, бірақ жинақ валютада сақталды.
Ал 2026 жылғы сәуір қорытындысы бойынша теңгедегі депозиттердің үлесі 83,3 пайызға дейін өсті. Яғни бүгінде әр 100 теңгелік жинақтың 83 теңгеден астамы ұлттық валютада сақталып отыр.
Бұл қаржылық мінез-құлықтағы үлкен өзгеріс. Адамдар теңгені кенеттен жақсы көріп кетті деу қиын. Көпшілік уақыт өте келе есептей бастады. Жалақы теңгемен түседі, коммуналдық төлем теңгемен жасалады, күнделікті сауда теңгемен жүреді. Оның үстіне теңгедегі депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі көбіне валюталық салымдардан жоғары болды.
Осылайша бұрынғы «ақшаны міндетті түрде долларда сақтау керек» деген дағды біртіндеп әлсіреді. Жұрт ақшаны әдетпен емес, нақты тиімділікпен өлшей бастады.
Ең қызығы, бұл өзгеріс дабырасыз жүрді. Бір күнде ешкім доллардан жаппай бас тартқан жоқ. Тек жүздеген мың адам жыл сайын, ай сайын, кейде әр салым ашқан сайын шағын қаржылық шешім қабылдады.
Сол шағын шешімдер елдің қаржы нарығындағы үлкен көрсеткішті өзгертті. 83,3 пайыз деген санның мәні де осында. Бұл жай статистика емес, қазақстандықтардың ақшаға, тәуекелге және ұлттық валютаға деген көзқарасының өзгергенін көрсететін белгі.
Экономиканың шынайы көрінісі кейде күрделі есептерде емес, қарапайым адамның жинағын қай валютада сақтайтынында байқалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







