Әдетте еліміздің азаматтық авиациясында қазір көзге бірден түсе бермейтіні белгілі. Бірақ қазір салдары ауыр болуы мүмкін шешімдер талқылануда. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет туризмді дамыту үшін елдің шалғай, табиғаты көркем өңірлерінде бірден үш жаңа әуежай салу мәселесін көтергеніне біраз жылдың жүзі болды. Рас, ел ішіндегі туризмдің серпін беретін инфрақұрылым ауадай қажет. Бірақ мәселе әуежай салуда емес, оны кімнің есебінен тұрғызуда болып отыр.
Ұсыныс бойынша жаңа әуежайларды қаржыландыру «ҚазАэроНавигация» мекемесінің мойнына жүктелмек. Яғни, Қазақстан аспанының қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін мемлекеттік компания туристік инфрақұрылымның негізгі донорына айналмақ.
«ҚазАэроНавигация» ел аумағында ұшып жүрген барлық азаматтық әуе кемесінің қозғалысын бақылайтын, диспетчерлік басқаруды жүзеге асыратын стратегиялық құрылым. Компания табысты, жыл сайын бюджетке аударымдарын арттырып келеді.
2024 жылғы таза пайдасы 84 млрд теңгеден асқан. Бірақ табысты екен деп, кез келген қаржылық міндетті осы мекеменің мойнына іле салуға да болмайды.
Компанияның бүгіннің өзінде қосымша жүктемесі аз емес. Бірнеше жыл бұрын құрылған Авиациялық әкімшілікті қаржыландыру да осы құрылымға жүктелгенін білеміз.
Жыл сайын 8 млрд теңгеден аса қаржы кетеді. Бұған қоса, төтенше жағдайларға арналған құтқару операциялары үшін шамамен 10 млрд теңге көлемінде техника жалдау шығындары бар. Ал енді көлік министрлігі үш әуежайдың құрылысын да осы кәсіпорын есебінен жүргізуді ұсынып отыр. Жалпы сома 200 млрд теңге.
Әзірше сұрақ көп, жауап аз. Осындай қаржылық қысым жағдайында навигациялық инфрақұрылымды жаңарту қалай жүреді деген сауалға ешкім бас ауыртып отырған жоқ.
Қауіпсіздік жүйелері уақытылы жаңартылып, диспетчерлерді ұстап қалуға мүмкіндік бар ма? Бұл салада кадр үшін бәсеке қатал. Қазақстандық диспетчерлерге әрқашанда шетелден жұмыс табылады.
Тағы бір маңызды фактор бар. ICAO мен IATA секілді халықаралық ұйымдар навигациялық қызметтің сапасына аса сезімтал. Кез келген ауытқу елдің авиациялық рейтингіне әсер ететінін де естен шығармаған абзал. Ал рейтинг төмендесе, халықаралық тасымалдаушылар тәуекелге бармайды. Соның салдары тек «ҚазАэроНавигацияға» емес, бүкіл авиация саласына соққы болады.
Қазақстан бұған дейін ұлттық компанияларға артық міндет жүктеудің немен аяқталатынын көрген. «ҚазМұнайГаз» бен КТЖ мысалы жеткілікті. Сондықтан туризмді дамыту мен аспан қауіпсіздігін бір таразыға салғанда, салмақтың қай жаққа ауып тұрғанын ашық айту керек.

