Cаясаттанушы Асхат Қасенғали геосаяси ахуал ушығып тұрған шақта Ресей-Украина арақатынасына және АҚШ-тың рөліне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сарапшының сөзінше, геосаясаттағы шиеленістің градусын өте жоғары температураға көтеретін екі шешім қабылданған.
«Біріншісі, Батыс Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандармен Ресей аумағын атқылауға рұқсат етті. Батыс болғанда АҚШ. Шешім бойынша Украина тек Курск облысын атқылай алатыны айтылды. Киев ATACMS зымырандарымен алғашқы соққысын жасап та үлгерді. Бірақ Курскке емес…Брянскке. Демек, қағаз жүзінде «Курскке соққы жасауға рұқсат» деп көрсетілсе де, іс жүзінде зымыран қай жерге дейін жетеді, сол жерге дейін соққылауға болады деген сөз. Неге құжатта Курскке ғана деп көрсетілді? Себебі Курск облысында Солтүстік Кореяның әскері орналастырылды. Яғни зымыранмен соққы жасау, КХДР әскерінің соғысқа араласуына тікелей жауап деп түсіндірілді», — деп түсіндірді сарапшы әлеуметтік желіде.
Расында, біраздан бері БАҚ бетінде Ресей мен Украина соғысына Солтүстік Корея әскері қосылатыны туралы ақпарат желдей есіп жүр. «Солтүстік Корея Ресейге көмектесу үшін 100 мыңға дейін сарбаз жіберуі мүмкін» деген ақпарат та тарады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі «Үлкен жиырмалық» (G20) елдеріндегі дереккөздеріне сүйеніп жазды.
«Осыдан екі ай бұрын Ресей президенті Путин алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандармен Ресей аумағын атқылау НАТО-ның соғысқа тікелей қатысуы ретінде қабылданатынын айтты. Оның сөзінше, Украина өз еркімен бұл зымырандарды қолдана алмайды. Зымыранды ату үшін тәжірибе, барлау ақпараттары, спутник түсірілімдері керек. Ал Украинада ол жоқ дейді. Демек, зымыранды НАТО атады дегенді меңзеді. Жауабы қатаң болатынын ескертті. «Батыс алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымыранмен Ресейге соққы жасауға рұқсатын бермейді деп сенеміз» деген болатын. Алайда Байден қызметінен кетер сәтте рұқсатын берді», — дейді сарапшы желідегі парақшасында.
Екінші мәселе Ресейдің «Ядролық доктринасы» өзгеруіне қатысты.
«Оның ішінде мынандай тармақ пайда болды. «Ресей аумағына қарай стратегиялық бомбалаушы ұшақтар, қанатты зымырандар мен ауқымды дрондар ұшып келе жатқаны немесе Ресей аумағына кіргені жайлы ақпарат анықталса, онда Ресей бірінші болып соққы жасауы мүмкін» делінген құжатта. Путин қолын қойып, мөрін басты. Құжаттың мәтінінде жазылған ҚАНАТТЫ ЗЫМЫРАНМЕН ЖӘНЕ АУҚЫМДЫ ДРОНМЕН ҚАРСЫЛАСТЫҢ ШАБУЫЛ ЖАСАУЫ жайлы тұсы құжат қабылдана салып, бұзылды. Кеше түнде Украина Воронеж бен Белгородтағы екі зауытты қуатты дрондармен атқылады. Видеосы желіде лезде тарады.
Ендігі сұрақ мынау. Батыс зымыранмен соққы жасауға рұқсатын берді. Ресейдің жаңартылған Ядролық доктринасындағы ескертпе тармақтар доктрина қабылданған күні-ақ бұзылды. Енді Мәскеудің жауабы қандай болмақ?» — дейді ол.
Саясаттанушының болшамынша, жақын күндері Ресейдің Украинаға зымыран және дрондармен дүркін-дүркін шабуыл жасауына куә болуымыз мүмкін.
«Өз кезегінде Украина қарымта соққы жасап бағады. Украинада зымырандар аз, дегенмен талпынады. Трамп билікке келген күні-ақ Байденнің зымыранмен соққы жасау шешімінің күшін жоюы мүмкін. Оған дейін екі ай бар. Осы екі айда соғыс қыза түсетін сияқты…» — деп түйіндеді ол.