Мәжілістегі Үкімет сағатында қазақ мұнайының болашағына қатысты қандай болжам бары айтылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бүгінде мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар. Сондай-ақ, еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі — 4,3 млрд. тонна.
«Көмірсутек шикізаты қорының 72%-ы «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ»сияқты ірі кен орындарының үлесінде. Ал алдағы 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтіні анық. Оған қоса игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру тіпті азаяды, кейбірі жұмысын тоқтатады», — дейді депутат.
Ал министр Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, мұнай өндіру көлемін 30 пайызға дейін қамтамасыз ететін кен орындарының көпшілігі (Қарашығанақ, Қашаған және Қаламқас-Хазарды қоспағанда) өндіріс көлемі төмендеуіне байланысты игерудің кеш сатысында тұр.
«Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында мұнай өндіру айтарлықтай төмендегені байқалады. Бұл ретте соңғы екі облыс мұнайдың негізгі бөлігін ішкі нарыққа жеткізетінін атап өткім келеді.
Сонымен қатар, 2040 жылға қарай ірі кен орындарын қоспағанда, кен орындарында мұнай өндірудің төмендеу үрдісі сақталады», — деді ол.