Ғылым ордасында «Палеонтология, зоологиялық, археологиялық, археографиялық қор жинақтарын пәнаралық-кешенді зерттеу және жаңа материалдармен толықтыру, атрибуциялау, каталогтау: «Ғылым ордасы» музейлері негізінде» атты ғылыми семинар өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов, музей меңгерушілері, ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Зоология институтының өкілдері қатысты. Жиын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің IRN BR28713619 нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба жетекшісі – PhD, этнограф Айнұр Қыдырғалқызы Бейсеғұлова.
Семинар барысында биология мен зоология саласында жиі қолданылатын терминдердің қазақша баламалары талқыланды. Сонымен қатар Табиғат музейі мен Археология музейінің қалыптасу тарихы, ғылыми зертхана негізінде оқу-өндірістік практика ұйымдастыру тәжірибесі сөз болды. Қатысушылар археографиялық коллекциялардың ерекшелігіне, Табиғат музейіндегі жәдігерлерге, археологиялық және археографиялық қорларды қалпына келтіру мен жаңғырту мәселелеріне де тоқталды.
Ұлар Мұқажанов өз сөзінде Ғылым ордасы қазақ ғылымының қара шаңырағы екенін айтып, мекеменің ғылыми институт ретінде нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған жоба музейлердің ғылыми әлеуетін көтеруге, қор жинақтарын жүйелі зерттеуге және оларды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды пайдалану арқылы музей ісін дамыту және мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Семинар аясында палеонтологиялық, археологиялық және археографиялық жинақтардың көрмесі ұйымдастырылып, арнайы шеберлік сабағы өтті. Қатысушылар коллекцияларды сақтау, қалпына келтіру және ғылыми каталог жасау бағытында өзара тәжірибе алмасты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







