Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты арқылы танылған сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров ел аузында жүрген кейбір оқиғаларға қатысты өз болжамын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Біраз уақыт бұрын көз жұмған белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты өз-өзін үш рет атты деген нұсқа айтылды. Тахир Халимназаров бұл оқиғаға қатысты өз болжамын айтты.
«Осы салада білімі болмағаннан кейін көпшілік «қалай үш рет атады?» дейді. Үш оқтың бәрі адамның өміріне қауіп келтірді ме, жоқ па — мәселе сонда. Бір-екі оқ жүрек, бас-ми, үлкен тамырларына зақым келтірмесе, адам бірден, тез өліп қалмайды. Кинолардан да көреміз ғой. Кейде жарақат алған адам біраз уақыт, жарты сағат, бір сағат қимылдауы да мүмкін. Бірақ басқа тиген оқ, әлбетте, адамды тез өлімге алып келеді», — деді сарапшы Qazaq AIRAN-ға берген сұхбатында.
Сондай-ақ, сот-медициналық сарапшы «адам үшінші оқты басына атуы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді.
«Адамның өзіне де байланысты болады. Бір-екі жыл бұрын практикамда мынадай оқиға болды: солдат жігіт автоматпен екі рет басынан атқан. Басқа екі рет адам қалай атады? Екі оқ бөлек-бөлек атылған. Тергеу өзі атты дегенге келді. Немен біткенін білмеймін. Бірақ солдаттың анасы да маған келіп, «істі осылай жауып тастады» деген. Сол іске қатыстым, сараптама бердім. Сараптамада не бергенімді айтуға әзірге болмайды», — деді Халимназаров сұхбат барысында.
Талғардағы Шерзат оқиғасы да ел аузында. Шерзат Болаттың өлімінен кейін оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев та өлі табылды. Полиция мұның себебі суицид деп көрсетті.
Тахир Халимназаров «сот-медициналық сарапшы өз-өзіне қол жұмсаған адам екенін 100 пайыз дәлелдеп бере ала ма?» деген сұраққа жауап берді.
«Сонша жылдың ішінде өзіне қол жұмсап, асылып қалған жағдай көп болды. 9-12 жастағы балалар асылып қалған кездер болды. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар бар. Туысқандары, жақындары көп жағдайда сенбейді. Бәрі «мүмкін емес» дейді. Бірақ, өкінішке қарай, ондай жағдайлар болып тұр ғой. Сарапшы тек өлім себебін анықтайды. «Қылғынудан болды, сол кезде қайтыс болды» деп өлім себебін айтып береді. Оның өзі асылып қалды ма, біреу асып қойды ма — сарапшы денесіне қарап айтып беретін экстрасенс емес. Тек нақты себебін айтады, қалғаны тергеушінің жұмысы. Сараптамада адам өзі асылды ма немесе біреу қылғындырды ма деген көрсетпелер бар. Оның айырмашылықтары бар. Сарапшы оны айырып алады.
Біреу қылғындырғанда жіптің ізі қосылып кетеді. Асылғанда ондай жағдай болмайды: адам өзі асылғанда жіптің ізі жоғарыға кетеді, артынан жіптің өзі қосылмайды. Ол — өзі асылғанының көрсетпесі. Бұл жерде тек тергеушінің шешімі (арқылы белгілі болады — еск.). …Өзіне қол салғандар жазба, хат жазып кетті. Соның бәріне баға беріп, шешім қабылдайды. Сот сарапшы өлім себебін ғана айтады», — дейді сарапшы сұхбатында.