Қазақстанда кино түсіруге бөлінген миллиардтаған қаржының қайтарымы болмай тұр. Соңғы бес жылда мемлекет бюджетінен «Ұлттық киноны қолдау орталығы» арқылы 19 миллиард теңге жұмсалып, 103 жоба қаржыландырылған деп жазады Ertenmedia.kz
Бірақ қыруар қаржының нәтижесі көңіл көншітпейді. Түсірілген 98 фильмнің небәрі 23-і ғана прокатқа шыққан. Ал қалған туындылардың қайда қалғаны, кім үшін түсірілгені белгісіз.
Қазақ киносының сапасы мен көрерменге жетпеуінің басты себебі режиссерлердің жеке амбициясы. Мемлекеттен бөлінген қаржыны фестивальдер мен конкурстарға арнап, көпшіліктің сұранысын ескермеу әдетке айналған. Осының салдарынан фильмдердің басым бөлігі «жұрт көрмейтін киноға» айналып отыр.
Мысалы, режиссер Ермек Тұрсыновқа мемлекеттен 500 миллион теңге бөлінген «Бесмойнақ» фильмі көрерменге әлі жеткен жоқ.
Ал 900 миллион теңге жұмсалған «Боксер» фильмі кассадан небәрі 25 миллион теңге ғана жинаған. Яғни, мемлекет қазынасынан бөлінген ақша желге ұшты десе де болады.
Сондай-ақ, «Жизнь» фильміне бөлінген 500 миллион теңгеден бюджетке қайтқаны небәрі 650 мың теңге.
700 миллион теңгеге жуық қаражат кеткен «Лето 1941-го года» фильмі прокаттан 40 миллион теңге ғана табыс әкелсе, «Бүркіт» фильмінің нәтижесі одан да сорақы: 340 миллион теңгеден кассаға түскені бар-жоғы 254 мың теңге.
Анимация саласындағы жағдай да дәл осындай.
Мемлекет жүздеген миллион теңге бөлген мультфильмдердің көпшілігі экраннан көрсетілмеген. Мәселен, «Кенже қыз» мультфильміне – 232,8 млн теңге, «Караван историй» туындысына – 213,9 млн теңге жұмсалған, бірақ оларды көрген көрермен жоқтың қасы.
Министрлік енді «Қазақфильм» киностудиясын қайта қаржыландырып, «отандық киноны әлемдік деңгейге шығаруға» уәде беріп отыр.
Алайда соңғы жылдардағы миллиардтаған қаржының мақсатсыз жұмсалуынан кейін, бұл уәде халықтың көңіліне сенім емес, күмән ұялатады.
Бөлінген қаржы жеке режиссерлердің қалтасына, нәтижесіз фестивальдерге емес, халық көретін, сапалы киноға бағытталмайынша, қазақ киносының көсегесі көгере қоймас.