Франция теңіздегі флагманын жаңартуға нақты кірісті. Президент Эмманюэль Макрон 2038 жылға қарай жаңа буындағы PANG авианосеці қатарға қосатындарын растады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Макрон бұл жоспарды Абу Дабидегі Camp de la paix әскери базасында, Ормуз бұғазына жақын аймақтағы әскери қызметкерлер алдында айтты.
Париж әскери қатысуын Таяу Шығыс бағытында да көрсетіп, теңіздегі мүмкіндік тек Еуропа шеңберінде өлшенбейтінін байқатты.
PANG жобасы Porte-Avions Nouvelle Génération бағдарламасы арқылы іске асады, жалпы құны шамамен 10,25 млрд еуро деп көрсетіліп отыр.
Жаңа кеме Франция ӘТК-нің атом энергетикалық қондырғысы бар қазіргі флагманы «Шарль де Голльді» алмастырады.
Қолданыстағы авианосец 13 жылдан кейін қызметтен шығарылуы мүмкін. Макрон «осы аптада өте ауқымды бағдарламаны бастау туралы шешім қабылданды» деген мазмұнда мәлімдеме жасап, саяси ерік барын аңғартты.
PANG ұзындығы 310 метр болады, «Шарль де Голль» 261 метр. Су ығыстыруы шамамен 80 мың тоннаға жуықтайды, қазіргі флагманда 42 мың тонна деңгейі аталады.
Экипаж 2000 адамды құраса, алып кеменің бортында 30 жауынгерлік ұшаққа орынластыру қарастырылған. Мұны Еуропада бұрын-соңды салынбаған ең ірі әскери кеме десек болады.
Осылайша Франция қорғанысқа ұзақ мерзімді ставка жасады. Reuters агенттігі Франция ЕО-дағы жалғыз ядролық держава екенін еске салып, авианосец ұстауға қабілетті ел екенін алға тартты.
Салыстырсақ, қазіргі таңда АҚШ флотында 11 авианосец бар, ал Қытай 3 алып әскери кемеге иелік етеді. Париж осы қатардан өз орнын сақтағысы келетінін аңғартты.
Мамандар Францияның қорғаныс шығындары 2030 жылдардың соңына дейін екі есеге жуықтауы тиіс деген жорамалдар айтып жүр. Қазіргі әскери бюджет шамамен 50 млрд еуро деңгейінде.
Париж мемлекеттік инвестициялық банк Bpifrance арқылы қорғаныс қорын құратынын жариялап, оған 450 млн еуро тарту көзделетінін жеткізген.

