Үндістанда туып-өсіп, карьерасын Ұлыбританияда жалғастырған әлеуметтанушы ғалым Дип Шикхадан Азия мен Еуропадағы гендерлік ахуал жайында айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шығыс қоғамында әйел бейнесі ғасырлар бойы отбасының ұйытқысы, әулеттің абыройын сақтаушы, дәстүрдің үзілмеуіне жауапты тұлға ретінде қалыптасқаны белгілі. Мұнда әйелдің мәртебесі көбіне оның ана, жар, келін ретіндегі рөлімен өлшенді. Отбасының беріктігі мен қоғамдағы тұрақтылық әйелдің сабыры мен жауапкершілігіне телінді. Осы себепті Шығыста әйелдің жеке таңдауынан гөрі, ортақ мүдде алдыңғы қатарға шықты.
Батыс елдерінде әйелдің қоғамдық рөлі мүлде басқа тарихи жолмен дамыды. Жеке тұлғаның еркіндігі басты құндылыққа айналып, әйелдер білім алуға, еңбек нарығына, саясатқа ертерек араласа бастады. Гендерлік рөлдер қайта қаралып, «әйел тек отбасы үшін» деген түсінік біртіндеп әлсіреді. Бұл үдеріс оңай жүрген жоқ, алайда уақыт өте келе Батыста әйелдің дербес таңдауына қоғам үйренді.
Осы ретте «Жаһан жайы» бағдарламасының тілшілері әлеуметтанушы Дип Шикха ой-пікірін білді. Оның айтуынша, бұл екі қоғамда ортақ тарихи белгілер де бар. Ол патриархалдық нормалардың бір бөлігі Үндістанға Ұлыбританияның Викториан дәуіріндегі мәдени ықпалы арқылы келгенін айтады. Джейн Остин шығармаларында бейнеленген әйел тағдыры сол кезеңдегі Батыс қоғамының да әйелге шектеу қойғанын аңғартады.
– Қазіргі Ұлыбританияда әйел мансапты бірінші орынға қойса, бұл қалыпты таңдау ретінде қабылданады. Қоғам ондай әйелді шеттетпейді, керісінше оның кәсіби жолын құрметтейді. Әйелдердің ресурстарға, білімге, басқару тетіктеріне қол жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді, – дейді әлеуметтанушы.
Дип Шикха екі ел арасындағы ең үлкен айырмашылықтың бірі ретінде қоғамдық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесін атап өтеді. Ұлыбританияда әйел адам көшеде немесе қоғамдық орында өзін еркін сезіне алады, ал Үндістанда бұл әлі де күрделі тақырып күйінде қалып отырғанын алға тартыпты. Әйелдерге қатысты тұрмыстық және әлеуметтік қауіпсіздік деңгейі қоғамның даму өлшеміне айналып келеді. Бұл тек құқықтық мәселе ғана емес, мәдени өзгерістің көрсеткіші.
– Соңғы жылдары екі өркениеттің бірін-бірі толықтыра бастағаны байқалады. Шығыста әйелдерге білім алу мен мансап құру мүмкіндігі кеңейіп келеді, ал Батыста отбасы құндылықтарын қайта бағалау үдерісі жүріп жатыр. Яғни, бір тарап толық еркіндікке ұмтылса, екіншісі жауапкершілік пен жақындықтың маңызын қайта түсіне бастады. Қазіргі әлемде әйелдің жолы бір ғана үлгімен өлшенбейді, ең бастысы – таңдау құқығы мен сол таңдауға деген құрмет, – дейді гендерлік саясатты індете зерттеп жүрген маман.

