Алматы облысында «Күрті – Қонаев» автомобиль жолының (0-67 шақырым) қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, төрт жолақты қозғалыс іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қонаевқа бастайтын жолақтар
Бұл бағыт «Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы» дәлізінің негізгі бөлігі саналатындықтан, атқарылған жұмыс көлік қатынасының сапасын арттырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Аталған жоба арқылы Алматы агломерациясын елдің орталық өңірлерімен байланыстыру жеңілдеп, жол жүру уақыты қысқарды. Құрылыс жұмыстары Еуропалық қайта құру және даму банкі қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жаңартылған автожол Іб техникалық санатына сай төрт жолақпен жасақталған. Құрылыс барысында төрт көпір, бір көлік айрығы, айрық құрамына кіретін бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы және 61 су өткізу құбыры салынды. Осы жұмыстарға 305 маман мен 104 арнайы техника жұмылдырылды.
Жоба жергілікті инфрақұрылымды жақсартумен ғана шектелмейді, республикалық деңгейдегі ірі көлік дәліздерін дамытудың кешенді жоспарының бір бөлігі болып саналады.

Сала операторлары мен жергілікті биліктің жүйелі әрі келісілген іс-қимылдары нәтижесінде, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары Алматы облысының экономика, логистика және тұрғындардың әлеуметтік сұраныстарымен ұтымды үйлестірілді.
– Қашықтығы 67 шақырымдық «Күрті – Қапшағай» автожолын қайта жаңарту Алматы облысының инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы ауқымды жұмыстың жалғасы. Биылдың өзінде облыс аумағында 178 шақырым облыстық жол және 473 шақырым көше-жол желісі жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп республикалық маңызы бар 341 шақырым автожол ретке келтірілді. Мұндай жобалар аймақта көлік қауіпсіздігін арттырып, тұрғындар мен бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай тудырады, – деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
305 маманның қолтаңбасы
Ұлттық оператордың мәліметінше, 2025 жылы Алматы облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1734 шақырымды құрап, оның ішінде бірінші санатты жол ұзындығы 683 шақырымға жеткен. Жолдар желісінде цементбетон жабын төселген 327 шақырым жол бар, бұл учаскелерде 134 көпір мен жол өткелі және шамамен 2200 су өткізу құбыры пайдаланылып келеді.
«Орталық – Оңтүстік» дәлізінің негізгі бөліктерін кезең-кезеңімен жаңғыртып келеміз. «Күрті – Қонаев» жолындағы төрт жолақты қозғалыстың ашылуы осы жұмыстардың нәтижесі.

Жаңартылған жол көлік шығындарын азайтып, логистика тиімділігін арттырады әрі сапар қауіпсіздігін күшейтеді. Алматы облысы үшін бұл жоба транзиттік әлеуетті нығайтып, жолаушы мен жүк тасымалы көлемін арттыруға тікелей ықпал етеді», – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
2025 жылы облыста 341 шақырым жол жөнделіп, оның 109 шақырымы толық қайта жаңғыртылды, 1 шақырымында күрделі жөндеу, ал 232 шақырымында орташа жөндеу жүргізілді. Осы кезеңде «Ұзынағаш – Отар» автожолының 42 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, қозғалыс ашылған.
Өңірде республикалық автожолдар жақсарып келеді
«Алматы – Бішкек» автожолының 25 шақырымдық шығыс бағытында «таға» үлгісіндегі көлік айрығының құрылысы жалғасып жатыр. 2025 жылы айрықтың төрт тірегі орнатылып, 54 бұрғылап-құю қадасы құйылды. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, өңірдегі бірқатар маңызды учаскелердің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. «Алматы – Бішкек» автожолының 19-27 шақырымдарын 8 жолаққа дейін, «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» бағытын 4 жолаққа дейін кеңейту, «Алматы – Өскемен» жолының 43 шақырымында жерүсті жаяу жүргінші өткелін салу, сондай-ақ «Ақсай – Шонжы – Қалжат» және «Көкпек – Кеген – Түп» бағыттары бойынша да жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Орташа жөндеуден өткен «Алматы – Бәйтерек – Бәйдібек би», «Алматы – Шамалған – Ұзынағаш», «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас», «Жалаңаш – Саты» жол учаскелері пайдалануға берілді. Жол жабындарының үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.

Ақылы «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолында 2025 жылы көпірлердегі 101 мың шаршы метр аумақта жабын жаңартылып, жарықтандыру жүйесі қалпына келтіріліп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылы Алматы облысында республикалық автожолдарды кешенді дамыту және пайдаланушыларға жайлы жағдай қалыптастыру мақсатындағы инфрақұрылымдық жұмыстарын жалғастырады.
Кең байтақ еліміз көлік жолдарын жөндеуде елеулі жетістіктерге жетіп келеді.

