Электр көліктер саудасында көшбасшы саналатын Tesla компаниясының сатылым көрсеткіштері төмендеуіне гибрид көліктерге деген сұраныстың артуы себеп болған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Tesla жариялаған биылғы бірінші тоқсанның қаржылық есебіне сүйенсек, гибрид автомобильдердің танымал болуы компанияның сатылым нәтижелеріне кері әсерін тигізген.
Автонарықтағы жаңа шындық
Соңғы кездері автоөнеркәсіп нарығында гибрид көліктерге деген қызығушылық күшейіп келеді. Әсіресе General Motors (GM), Toyota сияқты ірі автомобиль өндірушілері электр көліктерінен гөрі, гибрид технологияларына басымдық бере бастады. Мұндай өзгеріс нарықтағы бәсекелестікті арттырып, Tesla сияқты электр көлігін өндірушілердің жағдайын қиындатып отыр.
Tesla басшысы Илон Маск қаржылық есепті таныстыру кезінде: «Әлемде электр көліктерінің таралу қарқыны баяулап барады. Көптеген автомобиль өндірушілері электр көліктерінен бас тартып, гибрид көліктерге көше бастады. Біз бұл стратегияның дұрыс емес екеніне сенімдіміз. Себебі болашақта электр көліктері нарықта толықтай үстемдік етеді», – деді.
Tesla ұзақ уақыт бойы электромобильдерді дамытудың пионері болып келгенімен, автомобиль өнеркәсібінде гибрид көліктердің басымдыққа ие болуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Компания гибрид технологияларының таралуы өзіне тиімді болғанымен (атап айтқанда, Tesla-ның реттеушілік несиелік бизнесіне оң әсер етеді), жалпы алғанда, таза электр көліктерінің дамуын қолдауды жалғастыру қажет деп санайды.
«Бұл жағдай біздің реттеушілік несиелік бизнесіміз үшін тиімді болғанымен, жалпы автомобиль өнеркәсібі электр көліктерінің таралуына күш салуы керек. Себебі бұл біздің басты миссиямыз», делінген Tesla-ның ресми мәлімдемесінде.
Гибридтер Tesla-ны тежеп тұр
Гибрид көліктердің танымалдылығы артқан сайын Tesla-ның қаржылық көрсеткіштері де құлдырай бастаған. Биыл бірінші тоқсанда компанияның таза табысы 21 млрд доллар кіріс кезінде 1,1 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 9%-ға төмен. Сонымен қатар операциялық маржа да 5,5%-ға дейін төмендеп, өткен жылғы 11,4%-дық көрсеткіштен екі есеге жуық кеміген.
Tesla-ның операциялық тиімділігі де төмендеген. Тоқсандық есеп бойынша компанияның бос ақша ағыны минус 2,5 млрд долларды құрады. Сұраныстың азаюына байланысты АҚШ, Қытай және Германия нарықтарында Tesla көліктерінің бағасы айтарлықтай арзандған еді. Бірақ баға саясатының өзгеруі сұранысты қайта қалпына келтіре ме бұл әзірге белгісіз.
Tesla сондай-ақ бағасы қолжетімді жаңа модельдер шығаруды жоспарлап отырғанын айтқан. Дегенмен компанияның көпшілік күткен арзан электромобилі «Model 2» көлігін шығару белгісіз мерзімге кейінге қалдырыла тұратыны туралы ақпарат пайда болды. Оның орнына Tesla роботакси жобасын әзірлеуге басымдық бермек. Мұндай стратегиялық өзгеріс инвесторларды алаңдатып отыр.
«Біз 2025 жылдың екінші жартысына жоспарланған жаңа модельдерімізді шығаруды жылдамдатуға шешім қабылдадық. Осыған орай жаңа көліктеріміз оның ішінде қолжетімді модельдер де жаңа буын платформасының элементтері мен қазіргі модельдеріміздің техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалады» – делінген компания хабарламасында.
Қазіргі қиындықтарға қарамастан, Tesla инновация мен технологиялық жетістіктерге мән беріп келеді. Компания жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, автономды басқару мүмкіндіктерін арттыруды басты мақсат етіп отыр.
Компанияның тоқсандық қаржылық есебі жарияланғаннан кейін Tesla акциялары бастапқыда 12%-ға дейін көтерілгенімен, кейін инвесторлардың пікірі екіге бөлінді. Олар Tesla-ның жаңа өнімдерді шығарудағы белгісіздігі мен қаржылық көрсеткіштерінің төмендеуіне алаңдаулы.
Қазіргі нарықтық жағдай Tesla үшін күрделі кезең болып отыр. Компания алдағы уақытта нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана алса, ұзақ мерзімді табысқа жетуі әбден мүмкін. Tesla үшін басты артықшылық – оның тұрақты даму миссиясы мен технологиялық инновацияларға деген ұмтылысы болып қала береді.
Биыл Илон Масктың интернеті Қазақстанда ресми іске қосылғанын естеріңізге саламыз.

