Желтоқсанда Қазақстанның мұнай өндірісі шамамен 6 пайызға төмендеген. Бұған Киевтің Каспий құбыры (КҚК) терминалына жасаған дрон шабуылы тікелей әсер еткен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Reuters дерегінше, 1–28 желтоқсан аралығында Қазақстанның мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі қарашадағы көрсеткішпен салыстырғанда тәулігіне 1,93 млн баррельге дейін төмендеген. Өндіріс көлемінің қысқаруына негізінен елдегі ең ірі мұнай кен орны Теңіз әсер еткен.
Теңіз кен орнында өндірілген мұнай көлемі бірден 10 пайызға қысқарып, тәулігіне 719,8 мың баррельді құрады. Себебі дәл осы кен орнының негізгі экспорты КҚК құбыры арқылы жүзеге асады.
Агенттіктің дереккөзі экспортқа шектеу қойылған соң, кен орны жоспарлы қуатына шыға алмай отырғанын атап өтті.
29 қарашадағы шабуылдан кейін Қазақстанның CPC Blend маркалы мұнайының экспорты соңғы 14 айдағы ең төменгі деңгейге дейін түсті. КҚК терминалы арқылы тасымал тәулігіне 19 пайызға төмендеп, 1,082 млн баррель болды.
Экспортқа салынған шектеулерге байланысты Қазақстан мұнайының бір бөлігін балама бағыттармен жөнелте бастағанын бұған дейін жазған едік. Атап айтқанда, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры қолданысқа еніп, Атырау – Самара арқылы Германияға жөнелтілетін мұнай экспорты тәулігіне 255,5 мың баррельге дейін, яғни төрттен бірге жуық өскен.
Еске сала кетейік, 29 қараша күні Украина әскерінің Новороссийскідегі КҚК нысандарына жасаған шабуылынан кейін танкерлердің порттан шығуы уақытша тоқтаған болатын. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми түрде Украинаға наразылық нотасын жолдап, елдің негізгі экспорттық инфрақұрылымына айтарлықтай залал келгенін мәлімдеген болатын.
Алайда Киев те қарап қалған жоқ. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді. Ertenmedia осы жөнінде көлемді сараптама әзірлеген.
Контекст
КТК арқылы әлемдік нарыққа Ресей мұнайы да шығатыны рас. Дегенмен оның үлесі тым аз. 2024 жылы консорциум құбырымен тасымалданған мұнайдың небәрі 15 пайызы ғана орыс өнімі болған. Өзгесі Қазақстанның Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі кенішінен шығатын шикізат. Кен орындарын игеруге ExxonMobil, Chevron, TotalEnergie, Eni, Shell сынды әлемдік алпауыттар жұмылған.
Әлгі үш кен орны қазақтардың барлық мұнай экспортының 80 пайызын құрайды. Ел бюджетінің жалпы экспорттық түсімінің шамамен 40 пайызы осы бағытқа тиесілі. Ал оның басым бөлігі әлемдік нарыққа Теңіз кенішінен басталып, Новороссийскіге дейін созылған КТК құбыры арқылы шығады.

